Миодраг Райкович — «Астана» кәсіби баскетбол клубының жаңа бас бапкері!
«Астана» кәсіби баскетбол клубы сербиялық маман Миодраг Райковичтің команданың бас бапкері қызметіне тағайындалғанын ресми түрде хабарлайды, деп хабарлайды Sport+.
Миодраг Райковичтің бапкерлік тәжірибесі 30 жылдан асады. Ол еңбек жолында Сербия, Польша, Мажарстан, Жапония, Хорватия және Черногория клубтарында қызмет атқарған. Сонымен қатар, Еуролига, Еурокубок, ВТБ Бірыңғай лигасы және Адриатика лигасы сияқты беделді халықаралық жарыстарда жұмыс істеу тәжірибесіне ие.
Маман өзінің ең ірі жетістіктеріне Польшада қол жеткізді. 2014 жылы ол «Туров» клубын Польша чемпионы атандырды. Сондай-ақ 2014 және 2024 жылдары Польша Суперкубогын екі мәрте жеңіп алды. Бұдан бөлек, Польша чемпионатының күміс және қола жүлдегері атанып, 2012/13 жылғы маусым қорытындысы бойынша Польша баскетбол лигасының үздік бапкері деп танылды.
Әр жылдары Миодраг Райкович «Туров», «Шлёнск», «Мега», сондай-ақ жапониялық «Ямагата Уайвернс», «Тояма Грусес», «Нисиномия Сторкс» және басқа да клубтарды басқарды.
2025/26 жылғы маусымда маман Адриатика лигасында өнер көрсететін Хорватияның «Сплит» клубын жаттықтырды. Сонымен қатар, Райкович Сербия құрамасының бапкерлер штабы құрамында U19 жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында жеңімпаз атанды. Оның командалары халықаралық аренада да жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, Еуролига, Еурокубок және Жапонияның B.League чемпионатының плей-офф кезеңдеріне бірнеше рет қатысты.