Мариус Визер Астанадағы спорттық нысандарға жоғары баға берді
Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) президенті Мариус Визер Астанаға сапары барысында балғын палуан балалармен, белгілі қазақстандық спортшылармен кездесті, деп хабарлайды Sport+ Kazinform сайтына сілтеме жасай отырып. Олардың қатарында Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев, Париж Паралимпиадасының чемпионы Ақмарал Науатбек, әлем және Азия біріншілігінің жүлдегері Әбиба Әбужақынова, 2009 жылғы әлем чемпионы Максим Раков болды. Кездесу барысында Қазақстанда дзюдо спортын дамыту және халықаралық аренаға шығу мүмкіндігі сөз болды.
«Астанаға келгеніме және сіздермен кездескеніме қуаныштымын. Бүгін бірнеше спорт кешенін аралап, тамаша спорт инфрақұрылымдарымен таныстым. Бұл нысандардың кез келгені халықаралық деңгейдегі жарыстарды қабылдауға мүмкіндігі бар. Сондай-ақ Астанада салынып жатқан Ұлттық спорт университетінің құрылысын көрдім. Бірегей білім ордасы Қазақстанның спорт саласындағы кәсіби мамандарын даярлауда маңызды рөл атқарары даусыз», – деп атап өтті Визер.