Марал Тәңірберген мен Гүлмарал Еркебаева Азия чемпионатының жартылай финалында
Қырғызстан астанасы Бішкекте әйелдер күресінен Азия чемпионатының іріктеу кезеңі басталды, деп хабарлайды Sport+.
Ұлттық құрама сапында -50 кг салмақта бақ сынайтын Марал Тәңірберген Тайпей спортшысынан басым түсіп, жартылай финалға жолдама алды. Сонымен қатар аса ауыр салмақтағы Гүлмарал Еркебаева (+76 кг) үндістандық Кажал Кажалды жеңіп, келесі айналымға шықты.
Жартылай финалдар бүгін Астана уақытымен сағат 15:45–те басталады. Маралдың қарсыласы Токио Олимпиадасының чемпионы, бірнеше дүркін әлем чемпионы — Юи Сусаки (Жапония). Ал Гүлмаралдың қарсыласы енді белгілі болады.
Бүгін бозкілемге шыққан Виктория Хусаинова (-59 кг) мен Шұғыла Өмірбек (-55 кг) үндістандық палуаннан, ал Елена Шалыгина алғашқы белдесуінде жапониялық Мива Морикавадан жеңіліп қалды.