logo

Лаура Ғаниқызы: Ауылда ұлдармен күресіп өстім

Лаура Ғаниқызы: Ауылда ұлдармен күресіп өстім

Биыл отандық күресте Лаура Ғаниқызы есімі жарқ етті. Бұған дейін Лаура үш рет Азия чемпионатының қола жүлдегері атанған, 15, 17 кейін 20 жасқа дейінгі спортшылар арасында. Дегенмен, 2024 жылы ересектер арасында Қазақстан чемпионы атанып, лицензиялық турнирге қатысу мүмкіндігін иеленді. Sport Plus Qazaqstan бұрымды балуанмен сұхбаттасып, тың деректер білді.

«Мен Түркістан облысы Түлкібас ауданы Рысқұл ауылының тумасымын. Күрес залына алғаш рет тоғыз жасымда өз ауылымда бардым. Үйде кіл қыздармыз. Әкем өзі спортшы болмаса да, біреуіміз спортпен шұғылданғанымызды қалады. Кезінде атам спортшы болған екен. Сегізінші сыныпта ауылдан кетіп, Алматыдағы дарынды балаларға арналған „Шаңырақ“ мектеп-интернатына қабылдандым. Әкем өте қатал қарайды, ал анам қашан да жанашырлық танытып, тіпті күресімді көрмейді. Дегенмен, әкем спортқа келгенде қатал болса да, үйде маған ешнәрсе істетпейтін. Ауылдағы үйде мал болса да, сиыр сауу, тағы басқа ешқандай шаруаға жақындамадым. Ауылдағы мектептің спорт залында жаттығу өткізетінбіз, интернатқа дейін тек ұлдармен күрестім»

Биыл әйелдер күресінен Қазақстан чемпионатында әр салмақ дәрежесінде аты бұрыннан белгілі спортшылар жеңіске жетті. Лаура Ғаниқызы ішіндегі ең жасы кішісі. Жастығына қарамастан Бішкектегі лицензиялық турнирде қазақ қызы көпшілікті қайсарлығымен және тоқтаусыз шабуылымен тамсандырды.

«Жасым он тоғызда. Биыл жастар арасында соңғы жылым. Күрес стилім — үздіксіз шабуыл жасап отыру. Ауылдағы бапкерім осы қолтаңбаны қойып, кейін интернаттағы ұстазым жалғастырды. Бішкекте қарсыластарымның көбісі жоғары салмақтан олимпиадалық салмақ дәрежесіне «қуып келген». Сондықтан, ағайлардың қойған тактикасымен темп беріп отырдым. Тек маған физикалық тұрғыда күш жетпеді. Енді сол бағытта жұмыс істеуім керек». 

Лаура Ғаниқызы екінші рет лицензиялық турнирге қатысу мүмкіндігіне ие болған санаулы спортшылардың бірі. Енді ол жолдама үшін Стамбулдағы әлемдік турнирде күреседі. Бұл жарыста әр салмақ дәрежесінде үш лицензия қарастырылған. Қазақстан әйелдер құрамасында әлі бірде бір жолдама жоқ.