Ислам Байрамуков: Біздің балуандарға қорғанысты арттыру керек
Бүгіннен бастап Республикалық спорт колледжінің директоры қызметіне кіріскен атақты балуан, Олимпиада Ойындарының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков Sport Plus Qazaqstan тілшісімен сұхбатта алдағы аптада Бішкекте өтетін лицензиялық турнирдегі Қазақстан еркін күрес құрамасының әлеуетін айтты:
«Командамыздың аяқ алысы жаман емес, қазіргі уақытта бізде тек бір салмақ дәрежесінде (86 келі, ред.) Олимпиада жолдамасы бар екенін ескерсек, қалған салмақтарда қай-қайғасына да оңайға соқпайтыны анық. Азияда әр салмақта мықтылар жеткілікті. Бішкекте өтсе де, бұл көршілес елге үстемдік беріледі деген сөз емес. Жеребе әділ өтеді деп ойлаймын, қазіргі уақытта UWW (Халықаралық күрес федерациясы) президенті Ненад Лалович «тазалыққа» көп мән беруде. Оған қоса ереже бойынша рейтингтегі үздік төрттіктегі балуандар екі топқа жіберіледі.
Ақпан айында Астанада өткен Қазақстан чемпионатын тамашаладым. Өзіме жақын 97 келідегі жағдайды айтып өткім келеді. Финалда Әлішер Ерғали мен Ризабек Айтмұхан кездесті. Қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы халықаралық деңгейдегі балуан болғанымен, дайындығында осалдығы бар екенін байқадым және қорғаныс әлсіз. Өйткені жеңіп тұрған жерінен қарсыласқа жол берді. Жалпы қай салмақта болмасын біздің балуандарға қорғанысты күшейту керек деп ойлаймын, соңғы минутқа дейін босаңсымау маңызды. Мысалы, Азиядағы лидерлердің бірі - ирандықтар. Олармен белдесуде тіпті ұпай ұтылсаң, қарымта алу қиын. Өзімнің тәжірибемде де болған жағдай: 9 минут бойы күресіп, 1:0 есебін ұстап тұрдым. Әлішер Ерғалидің жолдама алуға толық мүмкіндігі бар деп ойлаймын»
Күрес түрлерінен лицензиялық турнир 19-21 сәуір күндері Қырғызстан астанасы Бішкекте өтеді. Париж Олимпиадасына жолдама әр салмақ дәрежесінде финалға шыққан қос балуанға беріледі.