Гүлдана Альмухамбетова самбодан Әлем кубогінің жеңімпазы атанды
Мәскеу қаласында ерлер мен әйелдер және жауынгерлік самбодан «Sambo Founders Cup» атты Әлем кубогінде маңғыстаулық Гүлдана Альмухамбетова жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
МО самбо спорт түрінен аға жаттықтырушы Берік Жұмағалиев атап өткендей, Гүлдана алғашқы белдесуінде Беларусь палуанын, екінші белдесуінде Моңғолия палуанын және жартылай финалда Ресей палуанын жеңді. Ал, финалдық белдесуде тағы да ресейлік балуаннан басым түсіп, жарыстың бірінші күні 54 келі салмақта чемпион атанды.
Ресей Федерациясында самбоның негізін қалаушылардың жүлдесіне арналған «Sambo Founders Cup» турнирі 21 наурыз күні басталған болатын. Бәсеке бүгін мәресіне жетеді.
Аталған жарысқа 16 мемлекеттен 400-ге жуық спортшылар қатысып жатыр.
Айта кетсек, Гүлдана Альмухамбетова самбодан 2023 жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған.