Григорий Ломакин Астанадағы ATP Challenger 50 турнирінің жартылай финалына шықты
Қазақстандық теннисші Григорий Ломакин Астанада дәстүрлі «Президент Кубогы» аясында өтіп жатқан ATP Challenger 50 санатындағы халықаралық турнирдің жұптық сынында жартылай финалға шықты.
Ломакин Петр Бар-Бирюковпен жұптасып өнер көрсетуде. Ширек финалда қазақстандық-ресейлік дуэт қытайлық Цзе Цуй мен украиналық Вадим Урсуға қарсы ойнады.
Екі сетке созылған кездесу Ломакин мен Бар-Бирюковтың сенімді жеңісімен аяқталды — 6:2, 6:1.
Теннисшілер кортта 50 минут өткізді. Осы уақыт ішінде Ломакин мен Бар-Бирюков төрт эйс жасап, бір қос қателікке жол берді және 11 брейк-пойнттың төртеуін сәтті пайдаланды.
Жартылай финалда қазақстандық-ресейлік жұп аргентиналық Лусио Ратти мен Қытай өкілі Сунь Фацзинге қарсы ойнайды. Кездесу ертең, 14 тамызда өтеді.
Айта кетейік, Григорий Ломакин Астанадағы ATP Challenger 50 турнирінде жарысты жалғастырып жатқан Қазақстанның жалғыз өкілі. Бұған дейін Амир Омарханов жекелей сында да, Даниал Рахматуллаевпен бірге жұптық бәсекеде де жарыстан шығып қалды. Сондай-ақ жекелей сында Бейбіт Жукаев та өз өнерін аяқтады.
Барлық маңызды спорттық оқиғаларды BeeTV-ден тамашала!