logo

Ғалымжан Кенжебек: Кипрге келген соң елімде футболшыларға жасалған жағдайды сағындым

Ғалымжан Кенжебек: Кипрге келген соң елімде футболшыларға жасалған жағдайды сағындым

Биыл ұлттық құрама сапында бірнеше жас ойыншы алғашқы матчын өткізді. Оның арасында 21 жастағы Ғалымжан Кенжебек те бар. Дарынды ойыншы ҚФФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында кәсіби футболдағы мансабы, Кипр чемпиондағы тәжірибесі жайында айтып берді, деп хабарлайды Sport+.

— Ғалымжан, футбол жолың қалай басталғаны, Таразда секцияға кім әкелгені туралы айтып берсең.

— Футболды есік алдында ойнап жүріп бастадық. Көшеде ойнап жүргенімді жаттықтырушы Ваня көке (ред. — Ильницкий Иван Михайлович) көріп, секцияға шақырды. Ол кісінің қолынан Бауыржан Исламхан мен Бақтиер Зайнутдинов өткен. Кейін отбасыммен Шымкентке көшіп кеттік. Ол жақта «Ордабасыда» бір жылдай ойнадым. «Оңтүстік» академиясы ашылып, ол жақта ойнадым. Бір турнирде «Қайратқа» қарсы ойнап, содан кейін академиясына шақырту алдым. 

— «Қайраттың» академиясына алғаш келгенде қандай әсер алдың?

— Академияны алғаш көргенде, ол жақтағы ойыншыларға жасалған жағдайды көргенде өте таңғалдым. Әлі бала едім. Жалғыз келдім. Сондықтан болар басында үйренісу қиынға соқты. Сабақ та оқу керек болды. Бірақ футбол жағынан бәрі ұнайтын. 

— «Қайраттағы» дебютін Алексей Шпилевскийдің уақытында болды емес пе?

— Иә, 2020 жылдың соңында «Таразға» қарсы матчта алаңға алғаш рет шықтым. Ол кезде құрам мықты еді. Жасым небәрі 16-да болатын. Алаңда Вагнер Лав, Косович, Гуральски, Әліп секілді ойыншылар жүрді. Әрине, қобалжыдым. Бір сөзбен айтқанда, чемпиондық құрам болды.

— Биыл Кипр чемпионатына ауыстың. Бұл мансабыңдағы алғашқы шетелдік клуб. Футбол алаңында және оның сыртында қандай айырмашылықты байқадың?

— Ешқашан Кипрдің екінші лигасында ойнаймын деп ойламадым. Ол жақта өмір сүру басқаша. Ауа-райы ыстық, ағылшын тілін үйрену керек. Командада бапкермен не футболшылармен сөйлесе аламын.

Кипр маған оң әсер етті деп ойлаймын. Қазақстанға келген сайын өзгергенімді айтады. Бабыма келдім, ұйқым реттелді. Ең бастысы Кипрде жүрген кезімде мені Қазақстан құрамасына шақырды.

— Бұрын тәртіпке байланысты көп ескерту болатынын айттың. Ал қазір Кипрде жалғыз тұрып, кәсіби тұрғыда өсіп, ойын өрнегіңді дамытып жүрсің. Бұл — өзіңді-өзің тәртіпке салудың нәтижесі ме, әлде басқа бір нәрсе әсер етті ме?

— Бұл алдыңа қойған мақсатына байланысты шығар. Футболшы ретінде дамып, өскім келеді. Кипрдің екінші лигасында ұзақ қалуды жоспарламаймын. Сондықтан өзіммен жұмыс істеп жатырмын. Десе де Кипрде жалғыз жүргенім де әсер етеді. Тек футбол туралы ойлаймын.

Жаттығуымыз 9:30–да басталады. Базадан күндізгі екіде шығамын. Демек осы уақытта мен жұмыс істеймін. Бұрынғыдай бір жаққа асығып тұрмаймын. Кейде бірдеңе істегің келеді, бірақ қазір әдетке айналып кетті. Реабилитацияға да, залға да барамын. Үйге келген соң ағылшынша сабақ өтіп, кешкі ас ішіп, демаламын.

Кипрге келген соң «Қайраттың» базасын, ондағы футболшыларға жасалған жағдайды сағындым. Бар кезінде бағалау қажет екен. Мұндай база көп жерде жоқ. Футболда әр нәрсе маңызды. «Қайратта» футболшының қайта қалпына келуі үшін бәрі бар.

— Кипрдің екінші лигасында «физикаға» әлде шеберлікке мән бере ме?

— Жеңіл қарсылас бар деп айта алмаймын. Барлық ойын қиынға соғады. Ойыншылардың бәрі азды-көпті бір деңгейде ойнайды. Көп алаңда жасанды төсеніш болғандықтан жақсы футбол ойнайсың, бірақ жылдам емес.

— Қазақстан ұлттық құрамасына алғаш шақырту алғаныңды қалай білдің?

— Шыны керек, өте көп күттім. Бұған дейін жастар құрамасында өзімді жақсы қырымнан көрсетіп жүрдім. Кипрде де гол соғып бастадым. Содан болу керек, ұлттық құрамаға шақыратындай сезім болды. Қазір бар ойым футбол болғандықтан үмітім болды.

Нақты тізімге енгенім туралы құрама менеджерінен білдім. Ол хабарласып, Қазақстанға ұшып келу билетін сатып алу жайлы сұрады. Сол сәтте көзіме еріксіз жас үйірілді.

Кеңейтілген тізімге қосылғанымда-ақ өз мүмкіндігімді қарап, көп ойыншыны алып тастайтынын білдім. Әр позицияны зерттеп, өте уайымдадым. Кеңейтілген және нақты тізім арасында бір апта уақыт өтті. Соңында шыдай алмай кеттім. «Акритастың» жаттығуына бара жатқанда нақты тізімге ілінгенімді көрдім. Командада көмектесіп жүрген украиналық және молодовалық футболшылар мені құттықтап, «Дастархан жайып, атап өтуің керек!» деп әзілдеді (күледі).

— Ұлттық құрамадағы алғашқы күндерің қалай өтті?

— Ұлттық құрамаға бара жатқанымда, Зайнутдинов, Исламхан, Тағыберген секілді футболшылар бар екенін ойладым. Олар мен үшін «жұлдыз». Тыныш қана жүремін деп ойлағанмын, бірақ  команда мені жақын қабыл алды. Бұрыннан ойнап жүргендей болдым. Бірден сөйлесіп, қалжыңдасып дегендей. Осының арқасында командаға тез сіңісіп кеттім. Ешқандай қобалжу болмайды.