«Фенербахче» түлегі «Ордабасыға» қаралымға барады
Қазақстан жастар құрамасының қорғаушысы Микаэль Асқаров «Ордабасы» құрамында жиынға кірісті, деп хабарлайды Sport+.
22 жастағы қорғаушы Абу-Дабидегі ОЖЖ-да қаралымнан өтеді. Бұған дейін «Ордабасының» жаңа бас бапкері Андрей Мартин жас футболшыларды дамытуға дайын екенін айтқан болатын. Асқаровтан бөлек шымкенттіктермен бірге 21-жасар жартылай қорғаушы Вадим Яковлев жаттығуда.
Өткен маусымды Асқаров Беларуссияның жоғарғы лигасында өткізді. «Сморгонь» сапында Асқаров 21 матч өткізді. Ол сондай-ақ Қазақстан жастар құрамасына шақырылып, Мальта мен Бельгияға қарсы матчтарда өнер көрсетті.
Асқаров Шымкент қаласының тумасы, бірақ футбол ойнауды Түркияда үйренді. Атап айтқанда, ұзақ уақыт бойы «Фенербахче» академиясыда тәлім алды, сондай-ақ «Адана Демирспор» жастар командасында ойнады.
2023 жылы футболшы «Қайратпен» келісімшартқа отырып, Қазақстанға оралды, бірақ кейін «Екібастұз» командасына жалға берілді.