«Ертіс» Кот-д’Ивуар құрамасының бұрынғы ойыншысымен келісімшартқа қол қойды
«Ертіс» 29 жастағы ивуарлық жартылай қорғаушы Жан Морель Поэмен келісімшартқа қол қойғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sport+ павлодарлық клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Поэ кәсіби мансабын өз отанында, Кот-д’Ивуарда бастап, «Вильямсвилль» және АСЕК Мимозас клубтарында өнер көрсетті. Елдегі ең мықты клубтардың бірі сапында ол екі рет Кот-д’Ивуар чемпионы атанды (2016/17 және 2017/18 маусымдары), сондай-ақ ел Кубогын жеңіп алды (2018). Бұдан бөлек, футболшы КАФ Конфедерациялар кубогының топтық кезеңіндегі матчтарға қатысты.
Кейін Поэ мансабын Африкадан тыс жерде жалғастырды. Еуропада ол Беларусь чемпионатында «Торпедо-БелАЗ», «Смолевичи», «Неман» және «Динамо Минск» клубтарында ойнады. Сондай-ақ оның мансабында мысырлық «Исмаили» клубында өнер көрсеткен кезең болды. Соңғы маусымдарын жартылай қорғаушы «Кривбасс» сапында өткізіп, бұл клубпен бірге 2023/24 маусымында Украина чемпионатының қола жүлдегері атанды. Өткен маусымда грек клубы «Ираклис» сапында ойнады.
Футболшы Кот-д’Ивуар ұлттық құрамасында ойнау тәжірибесіне ие.