logo

Еркін күрестен құрама бапкері Азия чемпионаты жайында

Еркін күрестен құрама бапкері Азия чемпионаты жайында

Еркін күрестен Қазақстан командасының бапкері Қарысбек Махамбетов Бішкектегі Азия біріншілігініндегі Қазақстан балуандарының нәтижесіне қатысты пікірін Olympic.kz сайтына берген сұхбатында білдірді. 

«Азия чемпионаты қарсаңында екі алтын аламыз деген жоспар қойған едік.  Сол мақсатымызды орындауға сәл күшіміз жетпей қалды. 

61 келіде белдескен Асыл Айтақын тартысты белдесуде қырғыз балуанына жол берді. Асылдың қарсыласы әлем чемпионаттарында жүлде алып, Азияда топ жарған жігіт. Егер біздің спортшымыз жарақатына байланысты көп уақыт жоғалтпағанда, кездесу есебі басқаша болар ма еді?! Десе де, сәл ғана ұпай айырмасымен жеңілді. Асыл Айтақын болашағы бар балуан. 

86 келіде Азамат Дәулетбековқатарынан үшінші рет Азия чемпионы атанды. Шыны керек, Азамат әлемдік деңгейде өнер көрсетті. Өзінің әккі қарсыласы, Өзбекстан атынан күресетін дағыстандық Жабраил Шапиевтен есе қайтарды. Соңғы екі жарыста Шапиев Азаматтан айласын асырған еді. Одан бөлек, Дәулетбеков Иран балуанының да кілтін тапты. Азия чемпионаты Азамат үшін Олимпиадаға дайындықтың бір бөлшегі болмақ. 

74 келідегі Талғат Сырбаздыңжеңілгені бізді қынжылтты. Алтын болмаса да, жүлде алады деген жігітіміз еді. Жапон балуанын 7:0 есебімен ұтып тұрып, 9:9 есебімен жол берді. Белдесу соңына қарай функционалдық дайындығы жетпей қалды. 

Былтырғы чемпионатта 4 алтын алған едік. Биыл ол межеге жетпедік. Себебі, сары құрлық додасына екінші, үшінші нөмірлі балуандарды апардық. Мысалы, 57 келіде команданың үшінші нөмірлі споршысы белдесті. Негізгі құрам Бішкекте өтетін Олимпиадаға іріктеу турниріне қатысады», - деді Махамбетов. 

Ескен сала кетейік, Бішкектегі Азия біріншілігінде еркін күрестен Қазақстан құрамасы 1 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль жеңіп алды. 

Азамат Дәулетбеков  86 келіде чемпион атанса, Ризабек Айтмұхан (97 келі) мен Асыл Айтақын (61 келі) күміс, Мейрамбек Қартбай (57 келі) қола медальға қол жеткізді. 



Күн шежіресі