Еркін күрестен Қазақстан құрамасы Осетияда лицензиялық турнирге дайындық жүргізуде
Еркін күрестен Қазақстан командасының бас бапкері Мадияр Құрамысов Бішкекте (Қырғызстан) өтетін лицензиялық турнир қарсаңында балуандардың дайындығы жайлы айтты, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Бас бапкер мәліметінше, қазіргі таңда құрамадағы кейбір балуандар Осетияда жаттығып жатыр.
«Жігіттердің дайындығы жаман емес. Қазір Нұрғожа Қайпанов, Әлішер Ерғали, Юсуп Батырмұрзаев бастаған балуандар Осетияда дайындауда. Азия чемпионатына қатысатын Ризабек Айтмұхан мен Азамат Дәулетбеков те сонда. Қырғызстанға аттанар алдында соңғы жаттығу жиыны өтеді. Содан соң, спортшылар бар күшін кілемде көрсетпек. Негізі, екі лицензия алсақ деген жоспар бар. Бірақ болжам жасауға асықпаймыз, бәрі бозкілемде белгілі болады», — деді Құрамысов.
Айта кетейік, Бішкекте лицензиялық турнир 19-21 сәуірге жоспарланған.