Елена Рыбакина — Үлкен дулыға турнирлерінің бәрінде жекелей сында 1/8 финалға дейін жеткен алғашқы қазақстандық теннисші
 
                                            Уимблдон-2022 чемпионы Елена Рыбакина АҚШ Ашық чемпионаты-2025 турнирінің төртінші кезеңіне шықты, деп хабарлайды Sport+.
Үшінші айналымда қазақстандық теннисші 2021 жылғы US Open жеңімпазы, Ұлыбритания өкілі Эмма Радукануды (WTA 36) 6:1, 6:2 есебімен ойсырата жеңді.
Ширек финалға шығу үшін Елена Рыбакина чехиялық Маркета Вондроушовамен кездеседі.
Осылайша, Елена Рыбакина — Үлкен дулыға турнирлерінің төртеуінде де әйелдер арасындағы жекелей сында 1/8 финалға дейін жеткен алғашқы қазақстандық теннисші атанды. Australian Open турниріндегі ең үздік нәтижесі — 2023 жылғы финал, «Ролан Гаррос» — 2021 және 2024 жылдары ширек финал, ал Уимблдонда — 2022 жылғы чемпиондық.
— Өз ойыныммен өте қуаныштымын. Эммаға қарсы ойнау әрдайым оңай емес. Кейде есеп бұл жайлы айтпайды, бірақ ол өте мықты қарсылас. Бүгінгі кездесуіме көңілім толады. Келесі матчты асыға күтемін, — деді Рыбакина матчтан кейінгі сұхбатында.
— Бұл сенің US Open турниріндегі алғашқы 1/8 финалың…
— Иә, бұл рас. Бұған дейінгі жылдары US Open маған оңай соқпады. Биыл бәрі өзгереді деп үміттенемін. Қазір келесі кезеңге өткеніме өте қуаныштымын және әрі қарай да алға жылжуға тырысамын. Қолдауларыңыз үшін көп рақмет!
 
    