Елена Рыбакина Уимблдон-2026 турнирінің үшінші айналымына шықты
Қазақстанның әйелдер арасындағы жекелей сындағы бірінші ракеткасы Елена Рыбакина «Үлкен дулыға» санатындағы Уимблдон-2026 турнирінде қатарынан екінші жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды Sport+.
Әлемдік рейтингте екінші орында тұрған қазақстандық теннисші әлемнің 50-ракеткасы, америкалық Кэти Макналимен кездесті.
Кездесу екі сетке ғана созылып, Рыбакинаның 6:1, 6:2 есебімен сенімді жеңісімен аяқталды.
Теннисшілер кортта 1 сағат 11 минут өнер көрсетті. Осы уақыт ішінде Елена бір эйс жасап, үш рет қос қателікке жол берді және тапқан 10 брейк-пойнттың төртеуін тиімді пайдаланды.
Келесі айналымда Рыбакина әлемнің 25-ракеткасы, бельгиялық Элизе Мертенспен кездеседі.