Джон ван ’т Шкип: «Фарер аралдарына қарсы алғашқы матчты асыға күтіп отырмыз»
Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Джон ван ’т Шкип УЕФА Ұлттар лигасы аясында өтетін Фарер аралдары құрамасына қарсы матч алдында баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды Sport+ ҚФФ ресми сайтына сілтеме жасап.
«Ең алдымен, Қазақстанда ел алдындағы қызметін атқарып жүрген жас азаматтардың қаза болуына байланысты болған қайғылы жағдайға орай марқұмдардың отбасыларына шын жүректен көңіл айтқым келеді. Бұл — өте ауыр қайғы.
Барлық ойыншы мен бапкерлер штабының атынан қаза болғандардың жақындарына және барша Қазақстан халқына көңіл айтамыз. Осыдан бастауды маңызды деп санаймын. Өйткені адам өмірі футболдан маңызды.
Біз дайындықты шамамен бір апта бұрын бастадық. Ойыншылар біртіндеп жиналды. Алғашқы күні 17-18 футболшы болды. Команданың толық құраммен жиналуына шамамен үш-төрт күн қажет болды.
Өкінішке қарай, оқу-жаттығу жиыны басталмай тұрып, кейбір ойыншылар жарақат алып қалды. Сол себепті оларды құрамға шақыра алмадық, орнына басқа футболшыларды шақырдық. Бұл жаңа ойыншылар үшін өз шеберлігін көрсетуге жақсы мүмкіндік.
Осы бір апта ішінде футболшылар жаттығуларда көп күш-қуаты жұмсап, жұмыс істеуге деген үлкен құлшынысын көрсетті. Енді біз Фарер аралдары құрамасына қарсы өтетін алғашқы матчты асыға күтіп отырмыз», — деді Джон ван ’т Шкип.