Дзюдошылар сақадай сай: Қазақстан құрамасының алдағы жоспарлары белгілі болды
Қазақстан дзюдо құрамасы Париждегі Grand Slam турнирін аяқтап, келесі дайындық кезеңіне кірісті. Алдағы жарыс күнтізбесі өте тығыз, деп хабарлайды Sport+ Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазақстандық балуандарды бір мезетте екі халықаралық дода күтіп тұр. Осы орайда ұлттық құраманың жаттықтырушы-кеңесшісі Роберт Мшвидобадзе қазақстандық балуандардың дайындығын бағалап, осы жылы қай жарыстарға басымдық берілетінін айтып берді.
Айта кетейік, ұлттық құраманы қысқа уақыт аралығында қатарынан екі ірі турнир күтіп тұр. Алғашқысы 27 ақпан — 1 наурыз күндері Өзбекстанда өтетін Grand Slam турнирі болса, кейінгісі 6–8 наурыз аралығында Австрияда ұйымдастырылатын Гран-при жарысы.
— Алда өтетін Гран-приге дайындық қалай өтіп жатыр? Жаттығу барысына өзгерістер енгізілді ме?
— Дайындық жұмыстары ойдағыдай өтті. Балуандардың барлығы сақадай сай. Жаттығу үдерісіне айтарлықтай өзгеріс енгізілген жоқ. Тек Әбибаны тұмауратып қалғанына байланысты алып тастадық.
— Ұлттық құрама сапында өзгерістер бар ма?
— Ұлттық құрама сапында түбегейлі өзгерістер жоқ. Дегенмен бірқатар жас спортшы негізгі құрамға қосылды. Бұл, әрине, бізді қуантады. Бәрі де болашағынан үміт күттіреді. Жұмысты жүйелі түрде жалғастырамыз. Көп ұзамай олар да нәтиже көрсетеді деп ойлаймын.
— Бір уақытта қос бірдей турнир өтпек. Соған байланысты Grand Slam турниріне және Гран-приге баратын құрам қандай талаптарды негізге ала отырып жасақталды?
— Біз турнирлерге қатысатын құрамды тек толық дайын спортшылардан жасақтаймыз. Ол үшін бапкерлер штабы бірлесе отырып, әр балуанның жағдайын жіті бақылап отырады: кім бабында, кім жаттығуда өзін жақсы қырынан көрсетіп жүр — сол спортшылар жарыс тізіміне енгізіледі.
— Балуандардың қазіргі дайындық деңгейін қалай бағалайсыз?
- Қазір көптеген балуан өз бабына еніп келеді. Бұған Париждегі турнирдің нәтижесі дәлел. Осы маусымда бірқатар жарысқа қатысуды жоспарлап отырмыз. Өткен жылы спортшыларымыз негізінен әлем және Азия чемпионатына, сондай-ақ, төрт халықаралық турнирге қатысқан еді. Себебі негізгі назар физикалық дайындыққа аударылды. Қазір барлығы жақсы. Биыл бірнеше жарыста бақ сынап, жүлделі орындарға ие боламыз деп ойлаймын.
— Алдағы жоспар қандай? Осы жылы қандай турнирлерге басымдық берілмек?
- Алдағы кезеңде басты назар Әлем чемпионаты мен Азия ойындарына аударылады. Оған дейін Азия чемпионаты да күтіп тұр. Сондықтан маусым барысын алда көре жатармыз. Дегенмен негізгі межеміз — Азия ойындары.