Дзюдодан Австриядағы Гран-при: Әбиба Әбужақынованың татамиге оралуы
6-8 наурыз аралығында Австрияның Линц қаласында дзюдодан Әлемдік турға кіретін Гран-при жарысы өтеді. Бұл бәсекеге әлемнің көптеген мықты дзюдошылары қатысады. Олардың қатарында Қазақстан құрамасының спортшылары да бар. Толығырақ Olympic.kz материалында, деп хабарлайды Sport+.
Қазақстан Линцтегі жарысқа кеңейтілген құраммен қатысады. Жуырда ғана Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен Grand Slam турнирінде құрамда бір ғана әйел спортшы болса, бұл жолы татамиге бірден сегіз қазақстандық дзюдошы қыз шығады. Жалпы, алдағы додада ел намысын 20 спортшы қорғайды.
Ерлер
60 келіге дейін: Аман Бақытжан, Шерзод Давлатов
66 келіге дейін: Ғұсман Қырғызбаев, Бауыржан Нарбаев
73 келіге дейін: Дастан Шаяхметов, Есет Қуанов
81 келіге дейін: Абылайхан Жұбаназар, Әділет Алмат
90 келіге дейін: Айдар Арапов
100 келіге дейін: Марат Байқамұров, Нұрлыхан Шархан
100 келіден жоғары: Жантілек Нұртілепұлы
Әйелдер
48 келіге дейін: Әбиба Әбужақынова, Диана Бүркеева
57 келіге дейін: Бақыт Құсақбаева, Дана Әбдірова
63 келіге дейін: Эсмигүл Куюлова
70 келіге дейін: Ажар Асхат
78 келіден жоғары: Ақерке Рамазанова, Аида Тойшыбекова
Маусым басталар алдында команда тыңғылықты дайындықтан өтті. Қазіргі таңда көптеген спортшы бабына еніп келеді.
«Дайындық жұмыстары ойдағыдай өтті. Балуандардың барлығы сақадай сай. Жаттығу үдерісіне айтарлықтай өзгеріс енгізілген жоқ. Тек Әбиба Әбужақынованы тұмауратып қалғанына байланысты жаттығудан уақытша босаттық. Жалпы дайындық жоспарға сай өтті. Алдағы жарыста дзюдошыларымыздың өнерін көріп, кейінгі дайындық бағытын айқындаймыз.
Ұлттық құрама сапында түбегейлі өзгерістер жоқ. Дегенмен бірқатар жас спортшы негізгі құрамға қосылды. Бұл, әрине, бізді қуантады. Бәрі де болашағынан үміт күттіреді. Жұмысты жүйелі түрде жалғастырамыз. Көп ұзамай олар да нәтиже көрсетеді деп ойлаймын.
Біз турнирлерге қатысатын құрамды тек толық дайын спортшылардан жасақтаймыз. Ол үшін бапкерлер штабы бірлесе отырып, әр балуанның жағдайын жіті бақылап отырады: кім бабында, кім жаттығуда өзін жақсы қырынан көрсетіп жүр — сол спортшылар жарыс тізіміне енгізіледі», — деді Қазақстан құрамасының жаттықтырушы-кеңесшісі Роберт Мшвидобадзе көктемгі маусым басталар алдында.
Қазақстан құрамасының сапында тәжірибелі әрі атақты дзюдошылар бар. Солардың қатарында Париж-2024 Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев пен әлем чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері Әбиба Әбужақынова да бар.
Әбужақынова биылғы маусымда әлі жарысқа қатысқан жоқ. Ол соңғы рет былтыр қараша айында Абу-Дабиде (БАӘ) өткен Grand Slam турнирінде татамиге шығып, қола медаль жеңіп алған еді. Линцтегі жарыста Әбиба басты фавориттердің бірі саналады. Алайда оған қарсылық көрсете алатын мықты спортшылар да бар. Олардың қатарында әлем чемпионатының жүлдегері Лаура Мартинес (Испания), екі мәрте Grand Slam жеңімпазы Мицуки Кондо (Жапония), жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Сыла Ерсин (Түркия) бар.
Ал Ғұсман Қырғызбаев биыл бір жарысқа қатысып үлгерді. Ол Францияның Париж қаласында өткен Grand Slam турнирінде белдескенімен, алғашқы айналымда жеңіліп, жарысты ерте аяқтаған еді. Бұл салмақта да атақты балуандар жиналған. Олардың қатарында Олимпиаданың күміс жүлдегері Важа Маргвелашвили, Grand Slam турнирлерінің бірнеше дүркін жүлдегері Давид Грасия Торне (Испания), Олимпиаданың қола жүлдегері Денис Виеру (Молдова) бар.
Жалпы Линцтегі Гран-при турниріне 62 елден 500-ден астам спортшы қатысады. Жапония құрамасы бұл жарыста жастарға мүмкіндік бермек. Команда спортшыларының орташа жасы — 20-дан сәл ғана асады. 20 дзюдошының 14-і ересектер арасында алғаш рет өнер көрсетеді. Олардың арасында жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының бес жеңімпазы бар.
Жарыс хаттамасына Австриядағы Гран-при турнирінің жеті бірдей қазіргі чемпионы енгізілген. Сонымен қатар татамиде әлемдік дзюдоның жұлдыздары да күш сынасады. Олардың қатарында Олимпиада чемпионы Лаша Шавдатуашвили (Грузия), Олимпиада жүлдегерлері Михаэлла Поллерес (Австрия), Гурам Тушишвили (Грузия) және Илья Суламанидзе (Грузия) бар.
Айта кетейік, турнирдің алғашқы күні 60, 66, 48, 52 және 57 келі салмақ дәрежелері бойынша белдесулер өтеді.