Допты хоккей: «Ақжайық» тағы да жеңіліп қалды
Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста Оралдың «Ақжайығы» Ресейдің Воткинск қаласында «Знамя-Удмуртия» командасымен екінші ойынын өткізді, деп хабарлайды sportplustv.kz.
Бірінші таймда қос команда терезесі тең өнер көрсетіп, 4:4 есебімен аяқталды.
Екінші кезеңде айдын иелері күш алып кетті. Қорытынды есеп – 7:5, «Знамя-Удмуртияның» пайдасында.
«Ақжайықтың» сұрмергені, ресейлік Михаил Пахомов қос голдың авторы атанды. Сондай-ақ команданың капитаны Максим Өтебалиев, Нұрбол Бөкешов және Самат Аманшин «Знамя-Удмуртия» қақпасына бір-бір доптан енгізді.
Екінші топта 12 ұпаймен бесінші орында келе жатқан Николай Шавалдиннің шәкірттері келесі кездесулерін 14-15 қаңтарда өз айдынында осы клубпен өткізеді.