CP Football-дан Қазақстан құрамасы IFCPF World Championship 2026 турнирінің қола жүлдегері атанды

CP Football-дан Қазақстан құрамасы IFCPF World Championship 2026 турнирінің қола жүлдегері атанды

CP Football-дан Қазақстан ұлттық құрамасы Англияда өткен IFCPF World Championship 2026 турниріндегі өнер көрсетуін тарихи қола медальмен аяқтады, деп хабарлайды Sport+ ҚФФ ресми сайтына сілтеме жасап. 

Әлем чемпионатындағы командамыздың жолы оңай болған жоқ және тартысқа толы өтті. Топтық кезеңдегі алғашқы матчта Қазақстан құрамасы турнирдің фавориттерінің бірі — АҚШ құрамасымен кездесіп, 0:8 есебімен жеңіліп қалды. Екінші турда қазақстандықтар Италия құрамасына қарсы ойнап, бұл матчта да қарсыласына 0:6 есебімен жол берді.

Ойын барысындағы нағыз бетбұрыс топтық кезеңнің үшінші матчында болды. Қазақстандық футболшылар мінез көрсетіп, алаң иелері «Лафборо» клубын 9:3 есебімен ойсырата жеңді. Осылайша жоғары нәтижелілік танытып, келесі кезеңге жолдама алды.

Жартылай финалда Қазақстан құрамасы қайтадан АҚШ-тың мықты командасымен кездесті. Соңғы секундтарға дейін бар күшін салып, әр доп үшін күрескеніне қарамастан, командамыз қарсыласына 7:0 есебімен жол берді.

Алайда үшінші орын үшін өткен шешуші матчта қазақстандықтар қайтадан «Лафборо» клубына қарсы алаңға шықты. Қазақстан құрамасы кездесудің барысын сенімді бақылап, 7:2 есебімен ірі жеңіске жетіп, әлем чемпионатының қола медальдарын жеңіп алды.

CP Football-дан Қазақстан құрамасының бас бапкері Шыңғыс Темірханов турнир туралы пікір білдірді:

«Қазақстан құрамасының әлем чемпионатына қатысуының өзі көп нәрсені аңғартады. Салыстырмалы түрде қысқа уақыт ішінде біз үлкен жолдан өтіп, халықаралық деңгейге шықтық.

Біздің қатысуымыз тірек-қимыл аппараты зақымданған адамдарға футболдың олар үшін де ашық екенін көрсетеді. Олар біздің ойыншыларды көріп: «Мен де Қазақстан құрамасына кіре аламын және бір күні әлем чемпионатының алаңына шыға аламын», — деп түсінеді.

Турнир басталмай тұрып, классификацияға байланысты негізгі ойыншыларымыздан айырылдық. Бірақ жігіттер берілген жоқ, алаңда 200 пайызын көрсетті. Әр футболшымыздың алдында басымды иемін. Біз ЦП-футболдың әлемдік деңгейін көрдік және бұл орасан зор тәжірибені ұлттық құраманы және жалпы парафутбол жүйесін дамыту үшін Қазақстанға алып келеміз. Осындай деңгейдегі турнирлерге қатысуға мүмкіндік беріп, қолдау көрсеткен ҚФФ басшылығына алғысымды білдіремін».



Күн шежіресі