logo

Бүгін Төрехан Сабырхан алтын медаль үшін кубалық боксшымен жұдырықтасады

Бүгін Төрехан Сабырхан алтын медаль үшін кубалық боксшымен жұдырықтасады

Бүгін бокстан жастар арасындағы әлем чемпионатының финалдық кезеңі басталады, деп хабарлайды Sport +.

Черногорияның Будва қаласында өтіп жатқан жарыстың ақтық сынына Қазақстанның жеті боксшысы шыққан болатын.

Бүгінгі сессияда Қазақстанның үш боксшысы рингке шығады. Алдымен команда капитаны Төрехан Сабырхан (67 кг) Куба боксшысы Давид Эспиносамен әлем чемпионы атағын сарапқа салады. Артынша Санжарәлі Бегалиев (75 кг) пен өзбек Жафарбек Шахбазовтың жекпе-жегін көреміз. Ал, қыздар құрамасынан ел намысын қорғап жатқан Аружан Зейноллаева (81 кг) 11-ші жұпта шаршы алаңға шығады. Оның қарсыласы – өзбекстандық Рухшона Парпиева.

Жекпе-жектер Астана уақытымен кешкі сағат 20:00-де басталады. Жарысты тікелей эфирден IBA-ның YouTube-каналынан көруге болады.

Ал, ертең қалған төрт боксшымыз финалдық бәсекелерін өткізеді. Атап айтқанда, Бексұлтан Боранбек (51 кг), Өнер Сейілхан (71 кг), Елянур Тұрғанова (50 кг) және Ұлдана Таубай (66 кг) әлем чемпионы атану үшін рингке көтеріледі.