logo

Боксшыларымыз жіберген қателіктерімен жұмыс істеп, келесі Олимпиадада жақсы нәтиже көрсетеді деген сенімдемін: Данияр Елеусінов

Боксшыларымыз жіберген қателіктерімен жұмыс істеп, келесі Олимпиадада жақсы нәтиже көрсетеді деген сенімдемін: Данияр Елеусінов

Бокстан 2016 жылғы Олимпиада ойындарының чемпионы Данияр Елеусінов Sport Plus Qazaqstan сайтына берген сұхбатында неліктен бокста өзінен кейін Олимпиаданың алтын иегерлері шықпай жатқаны мен Джо Нойнэйды нокаутқа түсіруін тарқатып, ең мықты 3 боксшыны атады.

— Джо Нойнэймен жекпе-жек сіз үшін қалай өткенін айтыңызшы. Нокаутқа дайындалдыңыз ба?

— Жекпе-жек мен ойлағандай өтті. Жекпе-жекке нокаутқа  жіберемін деп шыққан жоқпын. 10 раунд бәсеке өткізу ойда болды. Бірақ бәсеке уақытынан бұрын тоқтатылды. Жақсы жекпе-жек көрсеттік деп ойлаймын. Қарсыласым да осал боксшы емес.

— All Stars Boxing лигасы жылдың соңында Алматы қаласында турнир жариялады. Онда өнер көрсету ойда бар ма?

— Иә, олар желтоқсан айында өткізеді. Оған қатысу әзірге жоспарымда жоқ. Бізде рейтингке оралу, WBC Peace белбеуін иелену мақсаты болды. Алатынды алып, рейтингке оралғаныма өте қуаныштымын.

— Сіздің кәсіби мансап жолында жоспарларыңыз қандай?

— Жоспарларым жайлы көп айта бергім келмейді. Себебі жоспарлар ұсыныстарға байланысты өзгере береді.

— Сіз Қазақстан тарихындағы әзірге соңғы Олимпиада чемпионысыз. Неліктен сізден кейін спортшыларымыз алтын ала алмады деп ойлайсыз?

— Иә, әрине Қазақстан тарихында бокстан соңғы екі Олимпиададан чемпион жоқ. Бірақ өмір деген алма-кезек. Боксшыларымыз жіберген қателіктерімен жұмыс істеп, келесі Олимпиадада жақсы нәтиже көрсетеді деген сенімдемін. Себебі өзім де кезінде Лондон Олимпиадасына қатысып, ширек финалда бесінші орын алдым. Екі жекпе-жек ұтып, үшіншісінде сүрінген едім. Содан кейін қателіктеріммен жұмыс істеп, чемпион болдым. Өмірде бәрі болады. Сондықтан Қазақстанда бокстан тағы да  Олимпиаданың алтын иегерлері шығады деген үміттемін.

—  Қазіргі ең мықты 3 боксшыны атасаңыз.

— Мен үшін ең мықты боксшылар: Джервонта Дэвис, Артур Бетербиев, Александр Усик.