Бейбіт Жұқаев: Маған бүкіл Қазақстан мен үшін жанкүйер болып жатыр деп айтты

Қазақстандық теннисші Бейбіт Жұқаев Қазақстан теннис федарациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында Уимблдон турнирінің негізгі торында алғаш рет өнер көрсету барысындағы әсерлерімен бөлісті.
— «Үлкен дулыға» турниріне қатысу — бала кезден бергі арманым еді. Және менің дәл Уимблдонда дебют жасағаныма қуаныштымын. Іріктеуден өтіп, мықты қарсыласпен ойнау — бұл өз алдына үлкен жетістік. Коболлимен алғашқы екі сет өте тартысты өтті, бәрі ұсақ-түйекке байланысты шешілді. Үшінші сетте қарсыласым қарқынын үдете түсті, ойнау қиындай бастады. Сонымен қатар, негізгі тордағы корттар іріктеу кезеңінде қолданылатын корттардан сәл өзгеше екен. Маған тек бір рет қана ойын алаңында жаттығу жасау бұйырды, сондықтан толыққанды дайындала алмадым. Корт маған іріктеу турнирлеріндегі алаңдарға қарағанда «тезірек» сияқты көрінді — ал ол жерде мен үш матч өткіздім. Уақыттың жетіспеушілігінен болар, алаңның жамылғысына толық үйреніп үлгермедім. Әрине, қарсыластар деңгейі де жоғары — мұнда топ-25 ойыншылары жиналған. Бірақ дәл осындай тәжірибе өсу үшін өте маңызды.
— Алдағы жоспарларың қандай?
— Қазір басты назарды ойынды жақсартуға аударамын: тор жанындағы әрекеттер, допты қабылдау, қозғалыс. Жаңа дене дайындығы жаттықтырушысын қостым. Солтүстік Америкадағы турнирлерге дайындалып жатырмын. Сонымен қатар ATP турнирлеріне көбірек қатысуды жөн көрдім — оларда жоғары деңгейдегі ойыншылармен тәжірибе алмасу мен байланыс көбірек, бұл «Челленджерлерге» қарағанда әлдеқайда маңызды.
— Қолдаудың маңызы жайлы айтқан едің. Осы сәтте қасыңда кім болды?
— Жүйелі қолдау болмаса, мұның бәрі болмас еді. Қазақстан теннис федерациясы мені жасөспірім кезімнен қолдап келеді: wild card (уайлкардтар), жаттығу корттары, қаржылық көмек — мұның бәрі өте маңызды рөл атқарды және әлі де атқарып келеді. Биыл бізде қолдауға қатысты келісімшарт та бар. Ал моральдық қолдау туралы айтсам — негізгі торға шыққанымда жаңалықтардан көрдім, маған бүкіл Қазақстан мен үшін жанкүйер екенін айтты. Бұл — Қазақстан теннисі үшін үлкен жетістік деп ойлаймын, әсіресе Қазақстанда туған ойыншы үшін. Бұл — әрі Теннис федерациясы үшін, әрі Қазақстан үшін үлкен жетістік деп есептеймін. Баршаңызға қолдауларыңыз үшін алғыс айтамын!