logo

Бәйгеден Қазақстан чемпионаты: Шымкенттегі алғашқы кезеңнен не күтеміз?

Бәйгеден Қазақстан чемпионаты: Шымкенттегі алғашқы кезеңнен  не күтеміз?

Көктемнің алғашқы мерекесімен бірге елімізде бәйге маусымы да басталмақ. 9 наурыз күні Шымкентте бәйгеден Қазақстан чемпионатының бірінші кезеңі өтеді. Қазақстан бәйге федерациясының вице-президенті Мұрат Кеңесұлының айтуынша, ұлттық ат спортынан бұл сайыс үлкен доданың сәтті бастамасы болмақ, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan

«Бәйгеден Қазақстан чемпионаты тоғыз кезеңнен тұрады. Әр кезеңде үздік бестікке енген аттар финалға жолдама алады. Сонымен қатар, әр облыс жергілікті біріншіліктен іріктеліп шыққан үш аттан тағы қосады. Биыл маусымның шымылдығы Шымкентте түріледі. Бұл жылы аймақ болғанымен, қазіргі уақытта ауа-райының салқындығы қолайсыздық тудырып отыр. Бірінші жарысқа көбінесе оңтүстік аймақтардан қатысушылар келеді деген болжам бар. Өйткені, көп өңірде әлі де қыс қырауы қайтпай тұр. Осы орайда Қарағанды, Абай облыстары мен басқа да аймақтарда аттар тиісті деңгейде жаттығуын жасай алмай, бабына келуі қиынға соғып отыр»

Мұрат Кеңесұлы биыл елімізде өтетін Дүниежүзілік Көшпенділер Ойыны да ұлттық спорт түрлеріне жаңа дем беретінін жеткізді, өйткені қазірден бастап осы беделді бәсекеде Қазақстан намысын қорғайтын аттар іріктеле бастайды:

«Мамандар Қазақстан чемпионатының әр кезеңін жіті бақылайды. Көшпенділер Ойынына еліміздің атынан алты аттан қатысады. Яғни, құнан, аламан, топ бәйгенің әр қайсынан үздіктерді іріктеп алу шарт. Өз жерімізде өтетіндіктен, жауапкершілігі еселеніп тұр. Астанадағы халықаралық жарыс алдында оқу-жаттығу жиынын өткізіп, аттардың да, шабандоз балалардың да дайындығын пысықтаймыз. Сондықтан елішілік бәйгеде бәсекелестік артып, жарыс қыза түсетіні анық»

Бәйгеден Қазақстан чемпионатының бірінші кезеңін 9 наурыз күні Sport Plus Qazaqstan телеарнасынан және сайтынан тікелей эфирде көре аласыздар.