logo

Азамат Дәулетбеков: Біздің командадағы әр балуанның жолдама алуға толық мүмкіндігі бар

Азамат Дәулетбеков: Біздің командадағы әр балуанның жолдама алуға толық мүмкіндігі бар

Ертең Бішкекте еркін күрестен Олимпиада жолдамалары үлестіріледі. Азия іріктеу турнирінің финалына шыққан балуандар лицензия иегері атанбақ. Қазақстан еркін күрес құрамасында әзірге бір ғана жолдама бар. 86 келі салмақ дәрежесіндегі Олимпиада жолдамасының иегері, жақында ғана үш дүркін Азия чемпионы атанған Азамат Дәулетбеков лицензиялық турнирге қатысты Sport Plus Qazaqstan тілшісімен сұхбатта ойын білдірді:

«97 келіде Әлішер Ерғалидің лицензия алуға толық шамасы жетеді. Өте жақсы топқа түскен. Рейтинг бойынша бірінші орында болғандықтан тағы бір лидер ирандық балуан екеуі жеребе бойынша екі жаққа жіберілді. Менің ойымша, Әлішер жартылай финалда қытайлық қандас бауырымыз Авусайман Хабиламен кездеседі. Әлішер бұған дейін оны екі рет жеңген еді. 74 келіде Нұрқожа Қайпановтың тобында ирандық балуан бар. Дәл сол қарсыласымен бір белдесуге жақсы дайындықпен шықса, Олимпиада жолдамасын алады. 57 келіде Ерасыл Мұхтарұлы бірінші айналымда бірден мықты қарсыласпен кездеседі. Жас үнді балуаны Аман өз еліндегі іріктеуде Олимпиада және әлем чемпионатының жүлдегері Рави Кумарды жеңіп кеткен екен. Сондықтан, Ерасылға дәл осы балуанды жеңу маңызды. 65 келіге келсек Майс Алиев жас болғанымен, өте тез өсіп келе жатқан балуан. Оның да жолдамаға әлеуеті жетеді деп ойлаймын. 125 келідегі Юсуп Батырмұрзаев өте тәжірибелі балуан, Токио Олимпиадасына қатысқан. Тобы оңай емес, өзі бұрыннан күресіп жүрген қарсыластары мен бір топқа түсіпті, дегенмен олардан бір бас жоғары болатынына үміттенемін.

Жігіттер өте үлкен жұмыс атқарды. Соған сай жақсы нәтиже көрсетіп, елге абыроймен оралауына тілектеспін», - деді қазақстандық спортшы. 



Күн шежіресі