Аударыспақ мықтылары 4 алтынға уәде берді
Төрткүл дүние көз тіккен көшпенділер ойындарына 1 аптадан аз уақыт қалды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Татарстанда өткен әлем чемпионатында 6 алтынның 4-ін алдық. Көшпенділер ойындарында да бұл жетістікті қайталаймыз. Аударыспақтан ұлттық құраманың бас бапкері Жанбатыр Бекмұсаев осылай деді.
Қазір ат үстіндегі күрес шеберлері Астанада қорытынды оқу жаттығу жиындарын өткізуде. Құрыш білек, бекем белді 6 спортшы байрақты бәсекеге сақадай сай. Аттары да жараулы. Алаңға шығар сәтті тағатсыздана күтуде.
Айта кетейік ат үстіндегі додадан салмақ өлшеу және жеребе тарту 8-ші, іріктеу ойындары 9-шы, ал финалдық кезең 10 қыркүйек күні этноауыл кешенінде өтеді. Байрақты бәсекеге 11 елдің аударыспақ шеберлері қатысады.