Асылжан Арыстанбекова жазғы Қазақстан чемпионатына қатысады. Қазақстан чемпионатының матчтары тікелей эфирде

20 шілдеде теннистен жазғы Қазақстан чемпионаты басталды. Орталық корттағы матчтар тікелей эфирде Sport+ телеарнасында көрсетіледі.
Күннің бағдарламасын ерлер сеткасындағы жігіттер ашады:
Сағат 10:00–де кортқа тараздық 18 жастағы Данир Қалдыбеков пен алматылық 17 жастағы Артем Сидоров шығады.
Олардан кейін бірден қызылордалық Тимур Мәуленов пен алматылық 16 жастағы Егор Сорокин кездеседі. Бұл жұптың жеңімпазы чемпионаттың топ ойыншыларының бірі — Арсений Требухинге қарсы шығады. Арсений жарысты бірден 1/8 финалдан бастайды.
Түске таман орталық кортта алматылық 16 жастағы Тимур Сауленко мен астаналық Таир Қайретдинов кездеседі.
Түстен кейін кортта қыздар бағдарламасы басталады. Алғаш болып 18 жастағы тараздық Анастасия Крымкова мен 16 жастағы қарағандылық Елена Колесникова ойнайды.
Олардан кейін 18 жастағы алматылық Інкәр Дүйсебай мен 15 жастағы оралдық Алуа Марат кортқа шығады.
Күннің соңғы кездесуінде екі жүлдесі бар ITF турнирлерінің жұптық санатында жеңіске жеткен 19 жастағы Асылжан Арыстанбекова мен 16 жастағы Сатима Төреген өзара күш сынасады.