Астанаға IBSA Гран-приінің қатысушылары келе бастады
23-24 қараша күндері Астанада тұңғыш рет көру қабілеті нашар спортшылар арасында дзюдодан IBSA Judo Astana Grand Prix турнирі өтеді. Бұл күндері Астанаға әлемнің шет-шетінен жарыс қатысушылары келе бастады, деп хабарлайды Sport+
Пара дзюдодан Beeline Arena спорт сарайында өтетін Grand Prix бәсекесінде күш сынайтын елдер: Қазақстан, Жапония, бейтарап спортшылар, Қырғызстан, Швейцария, Германия, Испания, ОАР, Ұлыбритания, Бразилия, Румыния, Мажарстан, Грузия, Молдова, Тәжікстан. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, 2023 жылғымен салыстырғанда мемлекеттердің саны артып, бірнеше ел бірінші мәрте Қазақстанға ат-басын бұрған.
Айта кетейік, Париж Паралимпиадасында Бразилия жалпы есепте топ жарса, Жапония мен Қазақстан ТОП-5 мемлекеттің қатарына енген.
Турнир барысында 10 салмақта жүлде жиынтығы сарапқа салынады. Басты 2 ерекшелік - жаңа Олимпиада циклінде салмақтар ауысады. Ерлер 70, 81, 95, +95 келіде белдесетін болса, әйелдер 52, 60, 70, +70 келіде жүлдеге таласады. Сондай-ақ, Халықаралық дзюдо федерациясы тәжірибе ретінде Олимпиада салмағына кірмейтін 2 салмақта (ерлер - 64 келі, әйелдер - 46 келі) жүлде үлестіреді.