Астанадағы күрес түрлерінен әлем чемпионаты жаңа рекорд орнатты
Астанада өтетін күрес түрлерінен әлем чемпионатына ресми тіркеу аяқталды. Қорытынды мәлімет бойынша, жылдың басты додасына қатысу үшін 135 елдің өкілдері тіркелді. Бұл — ересектер арасындағы әлем чемпионаттарының тарихындағы ең жоғары көрсеткіш, деп хабарлайды Sport+.
Осы уақытқа дейін қатысушы елдер саны бойынша рекорд 2011 жылы Ыстанбұлда өткен әлем чемпионатына тиесілі болған. Ол кезде турнирге 102 мемлекеттің өкілдері қатысқан. Бұл көрсеткіш 15 жыл бойы жаңартылмай келді. Енді Астана рекордтық межені бірден 135 елге дейін көтерді.
Алдыңғы әлем чемпионаттарының статистикасы қазіргі нәтиженің ауқымын толық бағалауға мүмкіндік береді. Мәселен, 2015 жылы Лас-Вегаста өткен әлем чемпионатына 99 ел қатысса, 2019 жылы Нұр-Сұлтанда өткен әлем біріншілігі 100 мемлекеттің өкілдерін жинады.
Кейінгі жылдары қатысушы елдер саны төмен болды. 2021 жылы Ослода өткен әлем чемпионатына 66 елдің өкілдері қатысса, 2022 жылы Белградта бұл көрсеткіш 75 елді құрады. 2023 жылы Сербия астанасында қайта өткен келесі әлем чемпионатында 88 мемлекет бақ сынады. Ал былтыр Загребте өткен әлем біріншілігіне 76 елдің өкілдері қатысты.
Осылайша, Астанадағы әлем чемпионатының көрсеткіші бұған дейінгі рекордтан бірден 33 елге артық болды. Қазақстанда өткен 2019 жылғы әлем чемпионатымен салыстырғанда қатысушы елдер саны 35-ке, ал 2025 жылы Загребте өткен әлем біріншілігімен салыстырғанда бірден 59 елге көбейді.
Алдағы турнирдің ауқымын тағы бір көрсеткіш айқын аңғартады. Тіркеу қорытындысы бойынша чемпионат жүйесінде спортшылар, бапкерлер, ұлттық федерация басшылары және делегация мүшелерін қоса алғанда, барлығы 2 231 қатысушы тіркелген.
Бұл нәтиженің маңызын арттыра түсетін тағы бір жайт бар. Қазақстан әлем чемпионатын өткізу құқығына биылғы жылдың мамыр айында ғана ие болды. Бастапқыда турнир Бахрейнде өтуі тиіс еді, алайда United World Wrestling жарысты Астанаға ауыстырды. Дайындыққа небәрі бірнеше ай ғана қалғанына қарамастан, Қазақстан астанасы қатысушылар географиясы бойынша әлем чемпионаттары үшін бұрын-соңды болмаған көрсеткішке қол жеткізді.
Соңғы 15 жылдағы ересектер арасындағы әлем чемпионаттарына қатысқан елдер саны:
2011 жыл — Ыстанбұл (102 ел)
2013 жыл — Будапешт (87 ел)
2014 жыл — Ташкент (81 ел)
2015 жыл — Лас-Вегас (99 ел)
2017 жыл — Париж (73 ел)
2018 жыл — Будапешт (88 ел)
2019 жыл — Нұр-Сұлтан (100 ел)
2021 жыл — Осло (66 ел)
2022 жыл — Белград (75 ел)
2023 жыл — Белград (88 ел)
2025 жыл — Загреб (76 ел)
2026 жыл — Астана (135 ел)
Осылайша, соңғы 15 жылда ересектер арасында өткен бірде-бір әлем чемпионатында қатысушы елдер саны 135-ке жеткен емес.
Еске салайық, күрес түрлерінен әлем чемпионаты 24 қазан мен 1 қараша аралығында Астанадағы Barys Arena-да өтеді. Тоғыз жарыс күні бойы әлемнің барлық құрлығынан келген үздік балуандар әлем чемпионатының жүлделерін сарапқа салады.