logo

Астанада неміс қызы балаларға асық үйретіп жүр

Астанада неміс қызы балаларға асық үйретіп жүр

Олеся Пфафенгут Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Мәншүк ауылында туып-өскен, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.

Мектеп қабырғасында жүргенде 13 жасынан бастап бесасықпен айналыса бастаған. Алғашқы бапкері –  Дүйсенбай Қожамжар. Оған ойын алғаш көргенде бірден ұнаған. Қазір ол болашағын асықсыз елестете алмаймын, дейді.

Бес асықпен айналысып жүргеннен бері біраз жетістікке жеттім. Оның ішінде бірнеше рет Ақмола облысының чемпионы және жүлдегері атандым. Астана қаласының ашық чемпионаты мен «Құлагер» Спартакиадасында қола жүлде алсам, «Астана алтын сақасы» турнирінде күміс жүлдені иелендім. Бес асықтан спорт шеберлігіне үміткермін.

Менің мақсатым – бес асықтан Қазақстан чемпионы атанып, халықаралық жарыстарда ел намысын қорғау.

Өзім қазақ халқының дәстүрі мен мәдениетіне оң көзқараспен қараймын.  Менің асық ату спортына келуімнің өзі де қазақ халқына деген құрметтен туған. Қазақстан секілді тамаша елде тұрып жатқаныма өзімді бақытты санаймын. Бүгінгі Қазақстан халықтарының бірлігі күні құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!, – деді ол.

Бүгінде Олеся Пфафенгут Астана қаласына қоныс аударып, осы жердегі «Алақай» балабақшасында қызмет етеді. Асықтан өтетін жарыстарға үнемі қатысады. Балабақша бүлдіршіндеріне де бар білгенімді үйретіп жүр екен.