Астанада екінші рет «Толағай» алыптар сайысы өтті
Еліміздегі алып күш иелері екінші рет Астанада үздіктерді анықтау үшін бас қосты, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Турнирдің ең егде қатысушысы Абай облысынан келген пауэрлифтингтен ҚР спорт шебері, 40 жастағы Нұрбол Азизов болса, ең жасы Шымкенттен келген ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионы, 22 жастағы Бағдат Маматқұл тіркелді.
Білекті батырлар сайыстың 5 түрі бойынша яғни, 100 келілік қапты иыққа салып көтеру, салмағы 100 келілік тасты межелі қашықтыққа дейін апару, 130 келі ауыр бөренені желкеге салып отырып-тұру, 200 келілік жүк артылған арбаны сүйреу, он келілік найзаны қашықтыққа лақтыру секілді ерекше сайыс түрлері бойынша сынға түсті.
Турнир барысында үш бірдей рекорд жаңартылды. Азамат Бектасов салмағы 82 келіні құрайтын гір тасын 26 мәрте көтерді. Ал Бауыржан Әбдіхайым салмағы 40 келіні құрайтын қойдың муляжымен 5 мың мәрте отырып тұрды. Гиннесс рекордын бірнеше мәрте жаңартқан Жамали Диханұлы болса 3 тонналық автокөлікті 25 метрге дейін сүйреді.
Бес сайыстың қорытындысы бойынша 142 ұпаймен Ерсейіт Бралин III орынға ие болып, 400 000 теңге қаржылай сыйлықты қанжығалады. ІІ орынды 156 ұпаймен Жанболат Ибадилдаев 600 000 теңге қаржылай сыйлық ұтып алды. Ал Түркістан облысының өкілі, былтырғы чемпион Азамат Мақұлбеков қайта өз мықтылығын дәлелдеп, 184 ұпаймен 1 млн теңгеге ие болды.