Астанада «Батыр жолы» ұлттық футбол конференциясы өтті
Елордада отандық футболдың басты өкілдері мен халықаралық сарапшылардың басын қосқан «Батыр жолы» ауқымды ұлттық конференциясы өтті, деп хабарлайды Sport+ ҚФФ ресми сайтына сілтеме жасап.
Қазақстан футбол федерациясы ұйымдастырған бұл іс-шара еліміздегі футболды дамытудың бірыңғай стратегиясын, ұлттық ойын моделін және әдістемелік стандарттарын қалыптастыруға арналды.
Конференция жұмысына 200-ден астам делегат қатысты, олардың қатарында ҚФФ Атқарушы комитетінің мүшелері, кәсіпқой футбол клубтарының басшылары мен бапкерлер құрамы, балалар мен жасөспірімдер академияларының, өңірлік ассоциациялардың өкілдері, спорт ардагерлері, халықаралық спикерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар. Шара үш негізгі бөлімнен тұратын қарқынды форматта өтті: стратегилық көзқарас, халықаралық және ұлттық бірегейлікті талдау, сондай-ақ жобалық шешімдерді тәжірибеде жүзеге асыруды талқылау.
Конференцияның ресми бөлімін ҚФФ Президенті Марат Омаров ашып, жүйелі реформалардың басты басымдықтары мен бүкіл футбол қауымдастығын жұмылдыру қажеттілігін атап өтті.
Өз кезегінде ҚФФ Бас хатшысы Скотт Манн тиімді басқару процестері мен стандарттарын құруға баса назар аударып, тек нақты жүйе болғанда ғана тұрақты нәтижеге жетуге болатынын айтты.
ҚФФ Техникалық директоры Геннадий Скуртул қатысушыларға Қазақстан футболының болашақ моделін таныстырып, ойын философиясы, жас футболшыларды даярлау әдістемесі және бапкерлер құрамының біліктілігін арттыру мәселелерін қозғады.
Бағдарламада халықаралық тәжірибеге ерекше көңіл бөлінді. Аудитория алдында FIFA мен UEFA сарапшылары Стив Морроу мен Аарон Бриггс сөз сөйледі. Шетелдік мамандар футбол бірегейлігін енгізу, резервті дайындаудың заманауи әдістемесі және ойын моделдерін басқару тәжірибесімен бөлісті.
«Батыр Жолы» конференциясы туралы ФИФА сарапшысы, скаутинг саласының халықаралық маманы әрі лондондық «Арсеналдың» бұрынғы ойыншысы Стив Морроу өз әсерімен бөлісті:
— Бұл — өте маңызды жолдау. ҚФФ-мен байланысы бар кез келген маман, қай салада қызмет етсе де — бүгін айтылған ойды терең түсінгені маңызды. Барлығы бір бағытта, ортақ мақсат үшін жұмыс істеуі керек. Мұнда көптеген адамның жиналғаны өте қуантады. Олардың осы жолдауды естіп, дұрыс ұғынғаны маңызды, себебі сонда ғана олар ҚФФ ішіндегі өз орындарында жүктелген міндетті сапалы атқара алады.
Өз пікірін УЕФА мен ФИФА сарапшысы, «Манчестер Сити», «Ливерпуль», «Монако» және «Вольфсбург» сияқты клубтарда жұмыс тәжірибесі бар Аарон Бриггс та білдірді:
— Менің назарымды аударғаны — Қазақстан халқына тән қасиеттер: бұл ауызбіршілік пен презентация барысында жиі айтылған жауынгерлік рух. Бүкіл елді бір бағытқа біріктіру өте маңызды. Осындай бірлік әрбір адамда Қазақстан ұлттық құрамасында ойнау үшін не талап етілетіні туралы анық түсінік қалыптасуы үшін өте қажет.
Ұлттық спорттың ерекшелігі мен өзіндік болмысы қазақстандық футболдың аңыз ойыншылары мен мамандары — Руслан Балтиев, Самат Смақов, Вахид Масудов, Бегайым Қырғызбаева және Нұрбол Жұмасқалиевтің қатысуымен өткен пікірталас алаңында кеңінен талқыланды. Сарапшылар футболшының мінез-құлқын қалыптастыру, ұрпақтар сабақтастығы, сондай-ақ ерлер және әйелдер футболын дамыту мәселелеріне тоқталды. Кездесу қорытындысында қатысушылар «Батыр жолы» бірыңғай стандарттарын Қазақстанның барлық өңірінде енгізу тетіктерін талқылауға көшті.
ҚФФ үшін бұл іс-шара әлемдік стандарттарды енгізуге және елімізде бірыңғай футбол философиясын қалыптастыруға бағытталған маңызды стратегиялық қадам.