Ардақ Абижанов Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті болып тағайындалды
Gorky Tennis Park теннисті дамыту қорының бас директоры Ардақ Абижанов Қазақстан теннис федерациясының коммерциялық мәселелер және даму жөніндегі вице-президенті болып тағайындалды.
Жаңа қызметінде ол Федерацияның коммерциялық бағытын дамытуға, Федерация мен өңірлік теннис орталықтарының операциялық тиімділігін арттыруға, серіктестік желісін кеңейтуге және Қазақстандағы теннис саласының одан әрі дамуына ықпал ететін бастамаларды жүзеге асыруға жауапты болады. Сонымен қатар Ардақ Абижанов Gorky Tennis Park теннисті дамыту қорының бас директоры қызметін сақтап, ұйымның стратегиялық дамуына жетекшілік етуді жалғастырады.
Ардақ Абижанов Нархоз университетін үздік тәмамдаған. University of International Business университетінде MBA дәрежесін алған. Сондай-ақ London Business School және Warwick Business School бизнес мектептерінде білімін жетілдірген.
Еңбек жолын Deloitte және PwC халықаралық консалтингтік компанияларында бастап, аудит, қаржылық консалтинг және мәмілелерді сүйемелдеу салаларында жұмыс істеді. Кейін Verny Capital компаниялар тобын қоса алғанда, Қазақстанның бірқатар ірі компанияларында басшылық қызметтер атқарды.
2017 жылдан бері Ардақ Абижанов жеке кәсіпкерлік жобаларын дамытып келеді. 2025 жылдың қаңтарынан бастап Gorky Tennis Park теннисті дамыту қорын басқарып, теннис инфрақұрылымын дамыту, балалар-жасөспірімдер және әуесқой спортты қолдау, сондай-ақ серіктестік бағдарламаларды іске асыру бағыттарына жетекшілік етіп келеді.
«Бүгінде Қазақстан теннис федерациясы – еліміздегі ең табысты спорт ұйымдарының бірі. Бұл жетістіктің негізінде Федерация ұжымы мен оның президенті Болат Жәмитұлы Өтемұратовтың көпжылдық жүйелі еңбегі мен зор күш-жігері жатыр. Осы жұмыстың нәтижесінде Қазақстанда кәсіби, балалар және әуесқой теннисті дамытуға арналған заманауи инфрақұрылым қалыптасты, ал тенниспен айналысатын балалар саны 30 мыңнан асты.
Осындай командаға қосылу мен үшін үлкен мәртебе. Менің басты міндетім – Федерацияның коммерциялық бағытын күшейтіп, оның қызметінің тиімділігін арттыру. Бұл жаңа жобаларды жүзеге асыруға, серіктестерді тартуға және қазақстандық теннистің тұрақты дамуына қосымша мүмкіндіктер жасауға жол ашады», – деді тағайындалуына байланысты Ардақ Абижанов.
Ардақ Абижановтың тағайындалуы ұйымның коммерциялық бағытын күшейтіп, инвестициялар тартуға, серіктестік жобаларды дамытуға және еліміздің теннис экожүйесін кеңейтуге қосымша мүмкіндіктер береді.