Ақтөбе әкімі пәтер сыйлаған легионер гір тасын көтере алмады
Еркін күрестен Қазақстан атынан екі Олимпиадаға қатысқан Юсуп Батырмырзаев тойда ұятқа қалды, деп хабарлайды Sport+.
Асаба ойын ойнату кезінде бірнеше балуанды ортаға шығарған еді. Той жүргізушісі 24 келі болатын гір тасын тік ұстаған күйі жиырма рет көтерді. Дәл осылай ұлттық құрама балуандарынан қайталауды сұраған сәтте күтпеген жағдай болды.
Әділет Дәулімбаев пен Токио Олимпиадасының жүлдегері Нұрислам Санаев асабаның көрсеткішін қайталай алса, Юсуп Батырмырзаев мүлдем көтере алмады. 125 келіде белдесіп, Азия чемпионы атанған балуанның бұл жағдайы сынға ұшырады.
Айта кететін жайт, Ресейден келген легионер балуан екі Олимпиадаға қатысып, барлығында бірінші айналымнан жарысты аяқтаған еді.
Сондай-ақ, спортшы биыл сәуір айында Бішкекте Олимпиада жолдамасын иеленген соң оған Ақтөбе облысының әкімі 2 бөлмелі пәтер берсе, жергілікті федерация көлік пен ақшалай сыйлық берген болатын.