Әлішер Ерғали финалда Ризабек Айтмұханды жеңді
Еркін күрестен Қазақстан чемпионатында қалың жанкүйердің асыға күткен белдесуі - 97 келі салмақ дәрежесінің финалы. Әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан олимпиадалық салмаққа ауысып келді, ал Әлішер Ерғали үшін бұл - өз салмағы. Аса тартысты ақтық сында Жамбыл облысының балуаны жеңіске жетті, есеп 14:10. Жеңісті сәттен соң Әлішер Ерғали Sport Plus Qazaqstan тілшісімен әсерімен бөлісті.
Әр қарсыласқа дайындалдым, бірақ Ризабек Айтмұханмен белдесуге ерекше дайындық болғанын жасырмаймын.
Қазақстан чемпионатына 15 күн қалғанда Дағыстаннан оралдық. Сол жерде 18 күн жаттығу жасадық. Махачкалада Абдулрашид Садулаев сынды әлемнің үздіктерімен бірге шынықтық.
Ризабек сөз жоқ әлем чемпионы, бірақ ол Олимпиада туралы көп айтты, ел біріншілігін ескермеген сияқты.
Белдесудің аяқталуына 30 секундтан кем уақыт қалғанда есеп 10:10 болды. Содан кейін мен басым түскендегі сезімді сөзбен жеткізе алмаймын.