14 жасқа дейінгі теннисшілер арасындағы Қазақстан Кубогы аяқталды
Шымкентте 14 жасқа дейінгі теннисшілер арасында Қазақстан Кубогы аяқталды. Командалық біріншілік 24-29 тамыз аралығында «Beeline Arena» корттарында өтті. Ұлдар мен қыздар арасындағы жарысқа еліміздің әр өңірінен 16 командадан қатысты.
Ұлдар арасында Ақтөбе облысының құрамасы жеңімпаз атанды. Финалда команда Шымкент өкілдерімен кездесіп, 2:1 есебімен жеңіске жетті.
Алғашқы жекелей кездесуде ақтөбелік Альбара Оразбай Парвиз Сапаевты 2:6, 6:0, 6:1 есебімен жеңді. Одан кейін Сырымжан Барлыков Ярослав Бобровтан 6:2, 6:0 есебімен басым түсіп, өз командасына жалпы жеңісті қамтамасыз етті.
Ұлдар арасындағы қола жүлдені Алматы-1 командасы иеленді. Үшінші орын үшін кездесуде алматылықтар Астана-1 командасын 2:1 есебімен жеңді.
Ұлдар арасындағы қорытынды үштік:
1 — Ақтөбе облысы
2 — Шымкент
3 — Алматы-1
Қыздар арасында Жетісу облысының құрамасы бірінші орын алды. Шешуші кездесуде Жетісу теннисшілері Шымкент командасын 2:1 есебімен жеңді.
Айым Қанағатова Айлин Морозды 6:0, 6:1 есебімен жеңіп, командасына алғашқы ұпайды әкелді. Кейін Шымкент өкілі Эмилия Старусева Адема Альсейпулованы 6:3, 7:6 (5) есебімен жеңіп, жалпы есепті теңестірді. Кубок иегері жұптық кездесуде анықталды. Онда Қанағатова мен Альсейпулова Старусева мен Тузельбаевадан 6:0, 6:0 есебімен басым түсті.
Үшінші орынды Астана-1 командасы иеленді. Қола жүлде үшін кездесуде елордалық теннисшілер Қарағанды облысының өкілдерін 2:1 есебімен жеңді.
Қыздар арасындағы турнир қорытындысы:
1 — Жетісу облысы
2 — Шымкент
3 — Астана-1
Қазақстан Кубогы командалық форматта өтті. Бірінші кезеңде қатысушылар төрт топқа бөлінді. Одан кейін үздік командалар плей-офф кезеңінде бірінші орыннан сегізінші орынға дейінгі орындар үшін таласты.