Жезқазғанда жаңартылған алаң ашылды
Қазақстан футбол федерациясы Жезқазған қаласындағы «Металлург» стадионында ауқымды жұмыс жүргізіп, жаңартылған стадионды қолданысқа тапсырды. 6 мың жанкүйер сиятын стадион енді халықаралық стандарттарға сай, деп хабарлайды Sport+ федерация баспасөз-қызметінің мәліметі бойынша.
«Біз бір жыл ішінде еліміз бойынша жаңа 10 алаңды қолданысқа бердік. ALAÑ - бұқаралық фуболды дамытуға арналған жоба. Футбол ойнау арқылы балаларымыз әлеуметтік желілерден басын тартады, денсаулығын көтереді, ал өскелең жас ұрпаққа жағдай жасау - біздің міндетіміз. Сондықтан, еліміздің футболын бірге дамытайық. Ел бірлігі арта берсін», - деді ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов.
Футбол алаңдарын реновациялау аясындағы бұл жоба 2023 жылы басталған. Үш жылға арналған бағдарлама УЕФА-ның қолдауымен жүзеге асырылады. Оның мақсаты - футбол инфрақұрылымын дамытып, бұқаралық футболды дамытуға жағдай жасау.
Айта кетейік, «Металлург» стадионындағы жасыл алаң соңғы рет 2010 жылы жөндеуден өткен. Енді италиялық сападағы төсеніш төселді. Алаңның сапасын бірінші кезекте «Ұлытау» футбол клубының ойыншылары тексерді. Олар осы аптада жаңа алаңда Премьер-лигаға шығу үшін, SD Family клубымен күш сынасады.