«Жерге құлатсаң, тұрып кетуі қиын»: Дәурен Ермеков жаңа қарсыласы Пессоа туралы
Қазақстандық ММА жауынгері Дәурен Ермеков АСА 205 турнирі қарсаңында Sport+ сайтына сұхбат берді. Спортшы Фаридун Одиловпен өткен жекпе-жегі, жаңа қарсыласы және алдағы жоспарлары туралы ой бөлісті.
— Дәурен, сіз мамыр айында Фаридун Одиловпен жекпе-жек өткіздіңіз. Енді араға екі ай салып, шілдеде қайта октагонға шығасыз. Ағзаңызды толық қалпына келтіріп, жаңа айқасқа дайындалып үлгердіңіз бе?
— Иә, соңғы жекпе-жектен кейін араға екі ай салып, октагонға қайта оралып жатырмын. Өткен жекпе-жекте өз салмағымнан шықпағандықтан, ағзам қатты шаршаған жоқ, яғни көп салмақ қумадым. Жарыстан келе салысымен жаңа айқасқа дайындыққа кірістім. Сонымен қатар Мурад Абдрахмановтың жекпе-жекке дайындығына көмектестім. Сондықтан уақыт жоғалтпауға тырыстым. Оның үстіне турнир өз елімізде өтетін болғандықтан, өз көрермендерімнің алдында өнер көрсету мүмкіндігін жібергім келмеді.
— Жалпы, Фаридунмен өткен жекпе-жегіңізге қандай баға бересіз? Айқасты қайта қарап, өзіңіз үшін қандай қорытынды жасадыңыз?
— Айқасты қайта қарап шықтым. Кейбір тұстарда өз қателіктерімді байқадым. Сондай-ақ жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтауға болатын бірнеше мүмкіндікті жіберіп алғанымды түсіндім.
— Алдағы қарсыласыңыз туралы не айта аласыз? Оның жекпе-жектерін зерттеп, мықты және әлсіз тұстарын саралап үлгердіңіз бе?
— Қарсыласым осал емес, рейтингте менен жоғары тұр. ACA лигасында біраз жекпе-жек өткізген тәжірибелі спортшы. Оның өнерін қарап, зерттеп шықтық. Мықты тұстары — тік тұрып жақсы жұдырықтасады және күресте оңайлықпен берілмейді. Әлсіз тұсы — жерге құлатқаннан кейін қайта тұрып кетуі қиындау.
— Фаридун Одиловпен жекпе-жекке шығуға өзіңіз ниет білдірдіңіз. Болашақта күш сынасқыңыз келетін немесе жекпе-жекке шақырғыңыз келетін басқа файтерлер бар ма?
— Одиловпен өз салмағымда реванш өткізгім келеді. Одан бөлек, рейтингте менен жоғары тұрған файтерлер бар. Болашақта солармен кездесіп, рейтингтегі орнымды жақсартқым келеді.
— Бұл жекпе-жек ACA ұйымының Алматыдағы турнирі аясында өтеді. Өз жанкүйерлеріңіздің алдында өнер көрсету сізге ерекше мотивация мен қосымша күш бере ме?
— Әрине, өз елімізде өнер көрсету — үлкен мотивация әрі қосымша күш-қуат береді. Жан-жағымнан қазақ жанкүйерлерінің қолдауын естіген сайын жігерлене түсесің. Қиын сәттерде олардың қолдауы алға ұмтылып, жеңіске жетуге күш береді.
Дәуреннің қарсыласы – бразилиялық 37 жастағы жауынгер Рене Пессоа. Оның рекорды – 22 жеңіс және 11 жеңіліс. Соңғы жекпе-жегінде ол ресейлік жауынгер Руслан Шамиловтан жеңілген болатын.
Ермеков пен Пессоа арасындағы жекпе-жек 17 шілдеде АСА 205 турнирі аясында өтеді. Аталмыш жекпе-жек пен бүкіл турнирді Sport+ телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.