Волейболдан ел чемпионатының үшінші туры өз мәресіне жетті
Талдықорған қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының үшінші туры аяқталды, деп хабарлайды Sport+ Kazinform сайтына сілтеме жасай отырып.
Үшінші турдың орталық кездесуі «Жетісу» мен «Ақтөбе» арасында өтті.
Былтыр талдықорғандықтар ел чемпионатында қола жүлдегер атанса, ақтөбеліктер кубок пен суперкубокты жеңіп алған еді.
Сейсенбі күні «Ақтөбе» 15 матч бойы жеңілмей келе жатқан Оралдың «Жайығын» жеңген болатын. Бұл жолы Марат Адрышевтің шәкірттері ақтөбеліктерге дес бермеді — 3:0 (25:22, 25:17, 25:17). Осылайша, «Жайық» 46 ұпаймен көш бастаса, «Ақтөбе» (38 ұпай) екінші орында қалды. Ал «Жетісу» 37 ұпаймен үздік үштікті түйіндеді.
«Ұшқын-Көкшетауды» 3:0 (25:18, 25:21, 25:15) есебімен тізе бүктірген «Павлодар» 34 ұпаймен төртінші орынға табан тіреді.
СҚО-ның «Есілін» 3:0 (25:15, 25:21, 25:23) есебімен қапы қалдырған былтырғы чемпион «Тараз» 23 ұпаймен жетінші сатыдан аса алмады.
Төртінші тур ойындары 16-24 ақпанда Павлодар қаласында өтеді.