logo

Владимир Борцов: 30 жыл бұрын, мен дәл осы орында тұрдым, ал қазір – менің ұлым, менің шәкіртім бұл белесті бағындырды

Владимир Борцов: 30 жыл бұрын, мен дәл осы орында тұрдым, ал қазір – менің ұлым, менің шәкіртім бұл белесті бағындырды

Қазақстанның танымал шаңғышысы Владимир Борцов, 2025 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері Константин Борцовтың әкесі, әрі жеке бапкері, ұлының бұл жетістігі — тынымсыз еңбектің жемісі екенін айтты, деп хабарлайды Sport+ Olympic.kz сілтеме жасап.

Сонымен қатар Константиннің жетістігі тарихи, әрі ерекше мағынаға ие. Себебі дәл осы Харбинде өткен 1996 жылғы Азия ойындарында Владимир Борцов үш медаль жеңіп алған: алтын, күміс және қола.

«Әрине, эмоцияларды сөзбен жеткізу қиын. Оның үстіне, араға біраз уақыт салып, тарихтың қайталануы ерекше сезім сыйлайды. Ұлымды жеңіс тұғырынан көргеніме қуаныштымын. 30 жыл бұрын, мен дәл осы орында тұрдым, ал қазір — менің ұлым, менің шәкіртім бұл белесті бағындырды.

Ол бұл жетістікке жету үшін өте көп еңбек етті, жанын салды, осы биікті бағындыруды мақсат тұтты. Біз осында келе жатқанда, әңгіме барысында: «Мүмкін, тарих қайталанар», — дедім. Костя: «Жарайды, байқап көреміз», — деп жауап берді. Нәтижесінде, дәл солай болды. Мен өте бақыттымын, ерекше сезімдемін. Тіпті, денемді ерекше толқу биледі…

Өз ұлыңды жаттықтыру — екі есе қиын. Үнемі эмоциялар, мінез-құлыққа байланысты қиындықтар, кейде реніштер болады. Бірақ қандай жағдай болса да, мен оған әрдайым түсіндіруге тырысамын: бұдан басқа жол жоқ, табысқа жету үшін еңбек ету керек. Иә, бұл өте ауыр еңбек, бірақ оның нәтижесі бар. Ол — медаль, бұл жүлдеге жету үшін спортшылар өз өмірін арнайды», — деді Владимир Борцов.