UFC-дегі алғашқы қазақстандық бойжеткен бокс турнирінде бағын сынайды
UFC-дің бұрынғы өкілі қазақстандық Мария Агапованың кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін өткізетін күні белгіленді, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Ол 27 қыркүйек күні бокстан Атлантада (АҚШ) өтетін турнирде өнер көрсетеді.
Жерлесіміздің қарсыласы – неміс Николь Шефер (3-0, 1КО). Бұл Агапованың кәсіпқой бокстағы дебюті болмақ, әйтпесе Мария негізі спорттағы карьерасын бокстан бастаған.
Бұл күні турнирдің басты айқасында Алисия Баумгарднер (15-1) Делфин Персоонмен жұдырықтасып, WBC атағын қорғайды.
Естеріңізде болса, Денверде (АҚШ) өткен UFC on ESPN 59 турнирінде Агапова бірінші раундта бразилиялық Луана Сантоске (8-1) есе жіберген. Осылайша, ол UFC-дегі карьерасын 2-4 рекордымен аяқтады. Себебі Сантоспен жекпе-жек промоушендегі келісімшарт бойынша соңғысы еді.
Промоушендегі алты кездесуінің екеуінде Агапова америкалық Ханна Сайферс пен колумбиялық Сабина Мазоны жеңген.