Төрт қазақстандық боксшы Әлем кубогының финалына шықты
Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында бокстан Әлем кубогы кезеңінің жартылай финалдық жекпе-жектері аяқталды.
Жартылай финал қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының үш боксшысы финалға жолдама алып, алтын медаль үшін таласатын болды.
60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Виктория Графеева Польша өкілі Анета Рыгельскамен кездесіп, 5:0 есебімен сенімді жеңіске жетті.
65 келіге дейінгі салмақта Аида Әбікеева бельгиялық Ошин Дериуға қарсы айқаста 4:1 есебімен басым түсті.
85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Сұлтанбек Айбарұлы Германия өкілі Валерий Вальтерді 5:0 есебімен жеңді.
Айта кетейік, 80 келіден жоғары салмақта Валерия Аксенова жеребе қорытындысы бойынша тікелей финалға өтті. Себебі бұл салмақ дәрежесінде небәрі екі спортшы ғана тіркелген.
Сонымен қатар, ұлттық құраманың үш өкілі жарысты қола медальмен аяқтады.
51 келіге дейінгі салмақта Әлуа Балқыбекова жартылай финалда Қытай боксшысы Лю Чуаньға 2:3 есебімен есе жіберді.
80 келіге дейінгі салмақта Жібек Жарасқызы Польша спортшысы Эмилия Котерскадан 0:5 есебімен жеңілді.
Ал 80 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Диас Молжігітов жартылай финалда алған жарақатына байланысты жарысты жалғастыра алмады.
Финалда қазақстандық боксшылардың қарсыластары төмендегідей:
60 келіге дейін: Виктория Графеева — Ребекка Сантос (Бразилия)
65 келіге дейін: Аида Әбікеева — Навбахор Хамидова (Өзбекстан)
80 келіден жоғары: Валерия Аксенова — Жофия Сира (Венгрия)
85 келіге дейін: Сұлтанбек Айбарұлы — Кауе Белини (Бразилия)