Төрехан Сабырхан жастар арасындағы әлем чемпионатының үздік боксшысы атанды
Қазақстандық Төрехан Сабырхан Черногорияның Будва қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында «үздік боксшы» атағын жеңіп алды, деп хабарлайды Sport+.
67 келі салмақ дәрежесінде бірінші кездесуде Төреханға рингке шығудың қажеті болмады, себебі Черногориялық қарсыласы кездесуден бас тартты. 1/8 финалда қазақстандық спортшы Ауғанстаннан келген Хамдам Самирді 5:0 есебімен жеңді.
Ширек финалда Сабырхан өзбек боксшысы Акбар Ахмадовты жеңіп, жартылай финалда қытайлық Хаошэн Чжанға төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен басымдық танытты.
Финалда Төрехан кубалық Дэвис Эспинозаны 4:1 есебімен жеңіп, жастар арасындағы әлем чемпионы атанды.
«Үздік боксшы» кубогын Төрехан Сабырханға әлем чемпионатының финалдық кездесулері аяқталғаннан кейін өткен ресми салтанатты рәсімде табыс етті.