Тимофей Скатов Германиядағы турнирдің чемпионы атанды
Қазақстандық, әлемнің 242-ракеткасы Тимофей Скатов Аугсбург (Германия) челленджер турнирінің чемпионы атанды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген 23 жастағы қазақстандық теннисші финалда өзінен үш жас кіші, дүниежүзілік рейтингіде 293-орында тұрған даниялық Элмар Мюллермен чемпиондық атақты сарапқа салды.
Бірінші партияда даниялық спортшы 6:3 есебімен басым түсті.
Екіншісінде Скатов 5:2 есебімен алға кетті. Мюллер таразы басын теңестіргенімен, Тимофей есесін жібермеді - 7:5.
Үшінші, шешуші сетте Скатов 5:2 есебімен алға шығып, матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін мүлт жіберді. Дегенмен кездесуді тағы бір брейкпен тәмамдады - 6:3.
Екі сағат 37 минутқа созылған бәсеке барысында Скатов 1 эйспен бірге 18 брейк-пойнттың тоғызын пайдаланды. Мюллер 4 эйс, 8 брейкпен (13 брейк-пойнт) көзге түсті.
Осылайша, челленджер жарысында үздік шыққан Тимофей Скатов ATP Live рейтингісінде 199-орынға көтеріліп, ТОП-200-ге кіріп тұр.