Тимофей Скатов Дэвис кубогында Қазақстан құрамасының екінші жеңісіне қол жеткізді
Қазақстанның теннистен ұлттық құрамасы Дэвис кубогының Екінші әлемдік тобы аясында Таиландқа қарсы матчтың алғашқы ойын күнін 2:0 есебімен аяқтады. Ұлттық құрамаға екінші ұпайды Касидит Самрейді жеңген Тимофей Скатов әкелді.
Матч 18–19 қыркүйек күндері Астанадағы Beeline Arena Ұлттық теннис орталығының хард корттарында өтіп жатыр.
Алғашқы ойын күнінің екінші жекелей кездесуінде Тимофей Скатов Касидит Самрейді екі сетте 6:4, 7:6 (7:4) есебімен жеңді. Екінші партия тай-брейкке ұласып, онда Скатов басым түсіп, матчқа жеңісті нүкте қойды.
Кездесу 1 сағат 48 минутқа созылды. Осы уақыт ішінде Тимофей бес эйс жасап, бірде-бір қос қателікке жол бермеді және екі брейк-пойнттың екеуін де сәтті пайдаланды.
Бұған дейін алғашқы кездесуде Александр Шевченко Максимус Парапол Джонсты үш сетте 6:4, 1:6, 7:5 есебімен жеңген болатын.
Осылайша, алғашқы ойын күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы Таиландқа қарсы матчта 2:0 есебімен алда келеді. Жалпы жеңіске жету үшін ұлттық құрамаға тағы бір кездесуде басым түсу қажет.
19 қыркүйектегі ойын бағдарламасы жұптық кездесумен басталады. Онда Қазақстан атынан Денис Евсеев пен Бейбіт Жукаев өнер көрсетіп, Танапет Чанта мен Пручья Исароға қарсы ойнайды. Бұдан кейін қажет болған жағдайда тағы екі жекелей кездесу өтеді.
Бұл матчтың жеңімпазы Дэвис кубогының Бірінші әлемдік тобында өнер көрсету құқығына ие болады.