Телефон пайдалануға шектеу бар: Мырзағали Айтжанов боксшыларға қандай талап қойғанын айтты
Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов Италияда өткен лицензиялық турнирде шәкірттеріне қандай шектеу қойғанын айтты, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Бірінші кезекте, барлығы ерте ұйықтайды. Тәртіп керек. Телефон пайдалануға шектеу қойдым. Жеке бапкерлері де, құрама бапкерлері де спортшылардың жүріс-тұрысын қадағаладық. Туған-туыстарымен сөйлесуге, үйленген жігіттердің жұбайларымен сөйлесуіне уақытша шектеу қойдық. Дәл қазір жарысты ойлауымыз керек дедім.
Себебі, сәл ғана эмоцияның өзі жекпе-жекке әсер етуі мүмкін. Артық сөйлесу, артық қуану, болмашы қоңыраулардың салдары болады. Сондықтан шектедік, – деді бас бапкер.
Айта кетейік, қазір бокстан Қазақстан құрамасының қоржынында Париж Олимпиадасының 7 жолдамасы бар. Италияның Бусто-Арсицио қаласында өткен әлемдік лицензиялық турнирде Сәкен Бибосынов (51 келі), Махмұд Сабырхан (57 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі) және Айбек Оралбай (92 келі) жолдамаға қол жеткізді.
Ал өткен жылы Азия ойындарында Қамшыбек Қоңқабаев (92 келі) және Карина Ибрагимова (57 келі) Олимпиада лицензиясын қанжығалаған еді.