Тәжірибе жетпей қалды: қазақстандық шахматшылар Олимпиада ойындарын қорытындылады
Мажарстан астанасы Будапеште өткен шахмат Олимпиадасында Қазақстан әйелдер құрамасы өз тарихында алғаш рет күміс жүлде жеңіп алды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
24 қыркүйекте қазақстандық жанкүйерлер Астана қаласының әуежайында шахмат Олимпиадасының жүлдегерлерін, Қазақстан әйелдер құрамасын күтіп алды.
Оның ішінде ел тарихындағы алғашқы күміс жүлдені жеңген Бибісара Асаубаева, Меруерт Камалиденова, Әмина Қайырбекова, Ксения Балабаева, Алуа Нұрман бар. Оларды қарсы алуға БАҚ өкілдері және жанкүйерлері келді. Шахматтан Қазақстан әйелдер құрамасының мүшесі Меруерт Қамалиденова Мажарстанда өткенде жарысты қорытындылап, жанкүйерлерге алғысын білдірді.
«Алтын медаль жеңіп алуға тәжірибе жетпеді деп ойлаймын. Құрамадағы үш қызымыз үшін бұл алғашқы Олимпиада. Мен, Әмина және Алуа үшін осындай деңгейдегі алғашқы дода. Келесі Олимпиада ойындарында мықты боламыз.
Біз әр жарысқа барғанда ең үздік нәтижені көздейміз. Бірақ осы жолы жас құрам күміс алып келеді деп ешкім сенбесе керек. Тіпті өзіміз де бұлай болады деп ойламадық. Бірақ алтынға бір табан жақындап тұрып жеңіліп қалғанда, құлазығанмыз рас», - деді Меруерт Қамалиденова.