Тарихи жетістік: қазақстандық теннисші Елена Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасы атанды

Тарихи жетістік: қазақстандық теннисші Елена Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасы атанды

Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы Елена Рыбакина мансабында алғаш рет Әйелдер теннисі қауымдастығының (WTA) әлемдік рейтингінде бірінші орынға көтерілді.

Бұл қазақстандық теннисшінің US Open-2026 турнирінің жартылай финалына шығуының арқасында мүмкін болды. WTA-ның live-рейтингінде Рыбакина Беларусь өкілі Арина Соболенкодан озып, жаңа көшбасшы атанды. Рейтингтің ресми жаңартылған нұсқасы дүйсенбі, 14 қыркүйекте жарияланады.

Осылайша, Елена жекелей сында әлемдік рейтингті басқарған Қазақстанның тұңғыш өкілі атанды. Бұған дейін еліміздің бірде-бір спортшысы әйелдер арасында да, ерлер арасында да – жекелей сында әлемдік рейтингтің бірінші сатысына көтерілмеген.

 WTA рейтингіндегі бірінші орын – Еленаның мансабындағы кезекті маңызды жетістік. Бүгінде оның еншісінде жекелей сында 13 WTA титулы бар. Рыбакина – «Үлкен дулыға» турнирлерінің екі дүркін чемпионы. 2022 жылы ол осы санатта Уимблдонда алғашқы титулын алып жеңіске жетсе, 2026 жылы қазақстандық теннисші Australian Open турнирінің чемпионы атанды.

Рыбакинаның мансабындағы тағы бір маңызды белес – 2025 жылы Эр-Риядта өткен WTA қорытынды турниріндегі жеңісі. Елена жарыста бес матчтың барлығында жеңіске жетіп, финалда әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенконы жеңді.

Қазақстандық теннисшінің еншісінде WTA 1000 санатындағы екі титул бар. Оның екеуін де 2023 жылы Индиан-Уэллс пен Римде жеңіп алды. Сонымен қатар Рыбакина WTA 500 санатындағы турнирлерде алты рет чемпион атанса, WTA 250 жарыстарында екі мәрте топ жарды.

Елена кәсіби турдағы алғашқы титулын 2019 жылы Бухарестте жеңіп алған. Содан бері ол «Үлкен дулыға» турнирлерінің екі дүркін чемпионы, WTA қорытынды турнирінің жеңімпазы және әлемнің бірінші ракеткасы дәрежесіне дейін көтерілді.

Елена Рыбакинаның тарихи жетістігін Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов атап өтті.

«Бұл жетістіктің артында Еленаның және оның бүкіл командасының орасан еңбегі, таланты, қайсар мінезі мен көпжылдық табандылығы тұр. Бұл – миллиондаған қазақстандықты біріктіріп, жігерлендіретін жеңіс. Бүгінгі жетістік әрбір жанкүйеріміз үшін ерекше сәтке айналып, спорттағы жолын енді бастап келе жатқан мыңдаған балаға үлгі болатынына сенімдімін.

Елена Қазақстан өкілі әлемде ең үздік бола алатынын дәлелдеді. Бұл – еліміз үшін зор мақтаныш әрі Қазақстанның халықаралық спорт аренасындағы беделін нығайтатын үлкен жетістік. Қазақстан теннис федерациясының атынан барша қазақстандықты осы айтулы тарихи жетістікпен құттықтаймын!»
Қазақстандық теннисшінің WTA рейтингіндегі көшбасшылығы тек отандық теннис үшін ғана емес, еліміздің бүкіл спорт қауымдастығы үшін тарихи оқиға болды. Енді Елена Рыбакинаның есімінің жанындағы Қазақстан туы әлемдік теннистің ең биік шыңында желбірейді.

 Бұл тарихи нәтиже Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратовтың басшылығымен қазақстандық теннисті дамытуға және оның халықаралық аренадағы орнын нығайтуға бағытталған көпжылдық жүйелі жұмыстыңағы да бір дәлелі.

Еленаның жетістігі елімізде теннистің дамуы мен танымалдығына жаңа серпін бере алады. Мұндай жеңістер балаларды спортпен айналысуға шабыттандырып, тенниске деген қызығушылықтың артуына және Қазақстан туы астында әлемнің бірінші ракеткасының жетістігін қайталауға ұмтылатын жаңа буын ойыншыларының қалыптасуына ықпал етеді.



Күн шежіресі