Сурдо-футзалдан Қазақстан құрамасы ең ірі жеңісіне қол жеткізді
Бүгін Астанада 21 жасқа дейінгі есту қабілеті бұзылған спортшылар арасында сурдо-футзалдан әлем чемпионаты басталды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Елорда төрінде алғаш рет 10 мемлекеттің қатысуымен сурдо-футзалдан ерлер арасында 21 жасқа дейінгі әлем чемпионатының алғашқы матчтары өтті.
«Сурдо-футзалдан 21 жасқа дейінгілер арасында бірінші әлем чемпионаты 2022 жылы 8 елдің қатысумен Малайзияда өтіп, Қазақстан құрамасы күміс жүлдеге ие болған еді. Міне, сол жетістігімізді ескере келе, 2023 жылы келесі әлем чемпионатын біздің елде өткізуге шешім қабылдады. Бұл біз үшін тарих.
Әрі 10 мемлекеттің болуы жоғары көрсеткіш. Бұйырса, осы жерде Ираннан кеткен есемізді қайтарсақ дейміз», - деді Сурдо-футбол және футзал федерациясының вице-президенті Қайрат Сейітбеков.
Бұл әлем чемпионатына ойыншыларды іріктеу ішкі біріншіліктің қорытындысы бойынша жүргізілген. Вице-президенттің айтуынша, қазіргі сәтте Астана, Алматы, Шымкент мегаполистері, Қарағанды облысы, СҚО-да бұл спорт түрі жақсы дамып келеді. Бұның бір нәтижесі – 2022 жылғы әлем чемпионатына қарағанда құрама 50-60%-ға жаңарған.
Жерлестеріміз алғашқы матчта дебютант Тәжікстан құрамасымен жолығып, 36:1 есебімен тас-талқан қылып жеңді. Бұл сурдо-футзалдан Қазақстанның ең ірі жеңісі ретінде тіркелді.
Айта кетейік, 10 маусымға дейін жалғасатын бәсекеге Қазақстан, Әзербайжан, Сауд Арабиясы, Иран, Тәжікстан, Украина, Өзбекстан, Бразилия, Таиланд, Оман елдері қатысып жатыр.