Спорт министрлігі 2024 жылдың негізгі жарыстарын жариялады
Биылғы басты дода – Париждегі жазғы Олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді, деп хабарлайды sportplustv.kz.
Екі аптадан кейін Оңтүстік Кореяның Канвондо қаласында IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасы басталады. Оған Қазақстан спортшылары да қатысады. Олимпиада 19 қаңтар мен 1 ақпан аралығында өтеді.
Биылдың басты оқиғасы – Париждегі жазғы Олимпиада ойындары. 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтетін додада Қазақстан ұлттық құрамасы спорттың 20 түрінен жарысқа түседі.
Қазақстан үшін жылдың маңызды тарихи оқиғасы – V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары. Жарыс алғаш рет Астанада ұйымдастырылады.
Қазақстанға әлемнің 100-ден астам елінен делегациялар келеді деген жоспар бар. Астанадағы Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2024 жылдың 8-14 қыркүйегі аралығында өтеді.
Бұдан бөлек, Астанада әйелдер арасындағы бокстан әлем чемпионаты ұйымдастырылады. Турнирдің жалпы жүлде қоры 4,8 миллион АҚШ долларын құрап отыр. Әлем чемпионы атанған боксшы 200 000 АҚШ долларын алады.
Сондай-ақ 2024 жылдың қарашасында Астана қаласында самбодан әлем чемпионатын өткізу жоспарланған.