logo

Сметов тарихты жасады, бірақ рейтингке қарау керек: Мағжан Шамшадиннің жеке бапкері мәлімдеме жасады

Сметов тарихты жасады, бірақ рейтингке қарау керек: Мағжан Шамшадиннің жеке бапкері мәлімдеме жасады

19-23 мамыр күндері Біріккен Араб Әмірліктерінің Әбу-Даби қаласында дзюдодан Әлем чемпионаты өтеді. Кеше аталған сынға қатысатын Қазақстан командасының құрамы жарияланды. Әлемдік сынға аттанатын спортшылар қатарында Елдос Сметов те бар. Осы салмақта рейтингте жоғары тұрған Мағжан Шамшадиннің тізімге енбеуі көптеген жанкүйерлер мен оның жеке бапкері Қален Қалиұлының түсінбеушілігін тудырып отыр, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.  

Мағжанның жеке бапкері Қален Қалиұлының айтуынша, Астанадағы Grand Slam турнирі қарсаңында федерация басшылары олимпиадалық рейтингте жоғары тұрған спортшылардың әлем чемпионатына қатысатынын айтқан. Алайда, Астанадағы турнир аяқталған соң 60 келі салмақта Мағжан Шамшадиннен әлдеқайда төменгі орында тұрған Елдос Сметовтің әлем біріншілігіне баратыны белгілі болды.

«Бұл жағдай 2023 жылы басталды. Былтыр Катардың Доха қаласында әлем біріншілігі өтті. Сол сын қарсаңында Мағжан Шамшадин әлемдік рейтингте бәрінен жоғары тұрды. Нұрқанат Серікбаевтан да, Елдос Сметовтен де биік тұрғанына қарамастан, басшылар мен бапкерлер әлем чемпионатына Мағжанды қатыстырған жоқ. Әділетсіздіктің бәрі осыдан басталды.

Спортта  мықтылар қалай анықталады? Әрине, әлемдік жарыста алған орнына қарай белгілі болады. Ал әлемдік турнирлерде орын алған спортшы тиісінше рейтингте де жоғары орналасады. Рейтингте жоғары тұрған адам әділетті түрде жеңіске жететінін ұмытпау керек.

Былтыр Әлем чемпионатына қатыспаған соң, Мағжан өзін қайтадан дәлелдеді. Спартакиаданы ұтты, Астанадағы Grand Slam турнирінде топ жарды. Содан соң ғана бапкерлер оны Азия ойындарына қатыстырды.

2023 жылдың қазанында Мағжан жарақат алып, алты ай бойы жарысқа шыға алмады. Осы аралықта Нұрқанат Серікбаев та, Елдос Сметов те бірнеше турнирде бақ сынап, рейтингте Мағжанның алдына шыға алмады. Тек Тбилисидегі додадан соң ғана Серікбаев алға озды. Мен қазақ жігіттерінің рейтингте жоғарылағанына тек қуанамын. Бірақ біздің жағдайда рейтинг ішкі бәсекелестікті рейттейтін құрал болып тұр. Сондықтан, әлемдік рейтингте жоғары тұрған шәкіртімнің қатарынан екінші рет әлем чемпионатынан сырт қалғаны жаныма батады», - дейді Қален Қалиұлы.

Мағжан Шамшадин жақында жарақатынан айығып, татамиге оралды. Ол ұзақ үзілістен соң өзі қатысқан алғашқы жарыс – Душанбедегі Grand Slam турнирінде финалға шығып, күміс медаль иеленді. Алайда, Астанадағы сында жолы болған жоқ.

«Астанадағы жарыс басталмай тұрып, бапкерлер рейтингке қараймыз деді. Бас хатшы да, бас директор да солай деген. Қазір рейтингте Серікбаев 15, Шамшадин 18, Сметов 26-орында тұр. Бірақ, «баяғы жартас – бір жартас» күйінде қалды. Мағжан тағы да Әлем чемпионатынан әділетсіз шеттетіліп отыр.

Елдос Сметовке ешқандай жеке бас араздығым жоқ. Ол қазақ дзюдосын әлемге танытқан жігіт.  Алайда, әлемдік сынға қатысатын балуандарды әділетсіз таңдаған бас бапкер мен федерация басшыларына ренішім бар. Өте өкінішті. Нұрқанат Серікбаев қазір рейтингте жоғары тұр, себебі, ол 2023 жылдан бері 16-17 жарысқа қатысты. Мағжан жарақат алмай тұрып-ақ, мұндай турнирге барған жоқ. Жыл басынан бері Нұрқанат 6, Елдос 4 жарысқа қатысты. Ал жарақатынан айығып оралған Мағжан бар болғаны екі турнирде бақ сынап, біреуінде финалға жетіп отыр.

Елдос тарихты жасап жүрген жігіт. Бірақ әділетті болу үшін рейтингті есепке алу керек еді. Жалғыз бір адам емес, бүкіл спортшы еңбек етіп жатыр. Басқалардың еңбегін жоққа шығарып, сағын сындыру – өте қиын дүние.

Мен Мағжан Шамшадинді неліктен Әлем чемпионатына қатыстырмайтынын түсінбедім. Кешегі Азия біріншілігіне де рейтингпен апарып, әлемдік жарысқа келгенде мұны ұмытып кететіні қалай? Үлкен күмән бар.

Бір адамның абыройы, атағы бар деп, алдына түсе беретін болсақ, басқа жігіттер не үшін дайындалып жүр? Не себепті олар күндіз-түні тер төгіп жатыр? Әр нәрсенің өз уақыты бар. Уақыты бар кезде адам күресіп, абырой-атақ алады. Кейін басқаларға орнын береді.

Мен өзім де ұлттық құрамада жұмыс істедім. Мүмкін, басшылар мен бапкерлер мені жақтырмайтын шығар. Бірақ жаттықтырушысын жақтырмағаны үшін, спортшыны аяқтан шалуға болмайды. Мағжан дамыл таппай, өз еңбегімен жеңіске жетіп жүрген жігіт», - деді Қален Қалиұлы.

Ал Қазақстан дзюдо федерациясының бас директоры Айбек Имашев Әлем чемпионатына неліктен Елдос Сметовтің баратынын былай түсіндірді:

«Әлем чемпионатының екінші қатысушысы Астанада өткен Grand Slam жарысынан кейін белгілі болады деп, Елдос Сметов пен Мағжан Шамшадинге бірдей мүмкіндік берілген болатын. Өздеріңіз көргендей, Мағжан Шамшадин жарысты бірінші айналымнан аяқтады. Елдос Сметов жүлдегерлер қатарынан көрініп, қола медальға ие болды. Астанадағы Grand Slam ұзақ үзілістен кейін оралған Мағжан үшін де, ұзақ уақыт жүлдеден тыс қалған Елдос  үшін де шешуші жарыс болды деуге болады. Астанадағы нәтиже Елдосқа әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік береді».

Команданың бас бапкері Нұрбол Сүлейменов болса, бұл тікелей федерация басшыларының шешімі екенін айтып, сұхбат беруден бас тартты.



Күн шежіресі